Ақтауда 10 жастағы оқушы жинаған ақшасын мешіттің құрылысына көмек ретінде берді, деп хабарлады turkystan.kz сайты Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Нысанның құрылысына бастамашы болғандардың сөзінше, 6А шағын ауданында жаңа мешіттің құрылысы тек қайырымдылық көмегімен жүзеге асырылып жатыр. Жобаға ірі демеуші қатыспайды екен.
Құрылыстың алғашқы кезеңіне қажет арматура мен іргетас блоктары бейжай қарамайтын азаматтардың қаражатына сатып алынған.
Бұл игі істен он жастағы мектеп оқушысы да шет қалмады. Қыз бала бір жарым жыл бойы өз армандарына жинаған ақшасын жинақ қобдишасына салып жүрген. Әкесі мешіттің салынып жатқанын айтқан соң, ол барлық жиған қаражатын осы сауапты іске жұмсауды жөн көрген.
Мешіттің атауы – «Бірлік». Нысан екі қабаттан және бір жертөле қабатынан тұрады.