Абай облысының 22 жастағы тұрғыны мал дәрігерлерінің жұмысын жеңілдететін құрылғы ойлап тапты

12 мамыр, 2025 / Нұрлан Әлинұр
Видеодан скриншот

Абай облысындағы Екпін ауылында темірден, түйін түйген жас шебер тұрады. Еңбек адамы елге пайдасын тигізіп отыр. Малға екпе салып, қан алатын кезде қолданатын құрылғы ойлап тапқан. Өнертабыс мал дәрігерінің жұмысын жеңілдетті, деп хабарлайды turkystan.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.

Ауылдағы ағайын төрт түлігіне уақытылы екпе салдырып, қан тапсырып, күтімін жасамаса, мал басын азайтып алуы әбден мүмкін. Сондайда ірі қараның бас жібін бағанға байлап, ұсақ малды жерге жығып, әбігерге түсіп жатады. Ал Саят Шаймардановтың ойлап тапқан дүниесі ауылдастарының ауыр жұмысын жеңілдетті.

Саят Шаймарданов, ауыл тұрғыны:

- Халыққа керек кез келген бұйымдар жасаймыз. Малға ем-дом жасауға фиксаторлар жасап жатырмыз қазір. Одан басқа да ауыл шаруашылығы техникаларын жасаймыз. Аша күрек, рулон таситын сияқты бұйымдар жасаймыз. Жұмыс істеймін деген адамға екі қолға бір күрек, әрине, табылады. Ол ауыл болсын, қала болсын.

Саят 22 жаста. Оның темірге қызығушылығы бала күнінен басталған. Қолы епті, ісмер жігіт дәнекерлеуді де, темір өңдеуді де өзі үйренген. Алдымен үйге қажет құрал-жабдықтарды жасай бастаған. Кейін ауылдастарына да керек бұйымдарды құрастырып беретін болды. Ол астық тасуға арналған тіркеме, су сақтайтын бөшке сияқты пайдалы дүниелерді жасайды. Қазір Саят ізінен ерген інілерін осы кәсіпке баулып жатыр.

Азамат Мұратбекұлы, ауыл тұрғыны:

- Мен қазір ағамнан үйреніп, бәрін көріп жатырмын. Тәжірибе жинап жатырмын. Енді, бұйырса, мен де осындай істерді жасаймын деп ойлаймын. Жоспарда бар. Мал саласына қызығамын. Біздің өзіміздің қожалығымыз бар. Сонда барып санаймыз, реттейміз. Ағаларыма көмектесемін.

Саят жаңа идеяны ғаламтордан да алатынын айтады. Көрген-білгенін көңіліне тоқып, қажет кезінде қолдануға тырысады. Оның жасаған тор қорасын ауылдастары жоғары бағалапты. Төрт түлікті ұстауға ыңғайлы бұл қондырғы мал дәрігерлерінің де жұмысын жеңілдетті.

Нұрлан Рахметжанов, ауыл ветеринары:

- Бұрындары уақыттарды біз әрбір малға жеке-жеке арқан салып, қанша уақыттарын арнайтын. Ал қазір жаппай егілетін, емделетін малдар раксол арқылы ветеринарлық шаралардан өткізіле береді. Өте тиімді деп ойлаймыз.

«Қолынан іс келетін адамға қашанда сұраныс бар», – дейді еңбек адамы. Темірден түйін түйген шебердің ендігі арманы – кәсібін кеңейтіп, жасаған бұйымдарын саудаға шығару.