Елімізде ұлттық киімді сәнге айналдыру бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды

12 мамыр, 2025 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Қазақстанда ұлттық киім үлгісін қоғамға енгізу және жастар арасында сәнге айналдыру бойынша арнайы жұмыс тобы ұсыныстар әзірлеп жатыр. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Kazinform агенттігі жолдаған сауал жауабында айтылған.

"Ұлттық киімдерді дәріптеу мен жаңғырту еліміздің мәдени құндылықтарын сақтап, жастардың ұлттық болмысты тануына жол ашу бағытында маңызды. Осы мақсатта бірнеше бастама қолға алынды...

Ұлттық киім үлгісін қоғам өміріне енгізу және жастар арасында сәнге айналдыру бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін еуразиялық дизайнерлер одағының төрағасы Ермек Асылханов, танымал дизайнер Қайролла Әбішев, этно-дизайнерлер одағының төрағасы К. Көдеков тағы басқа белгілі дизайнерлер қатарынан арнайы жұмыс тобы құрылды.

Өз кезегінде жұмыс тобы мәдениет, білім беру және сол сияқты әлеуметтік сала қызметкерлері үшін ұлттық колорит пен ою-өрнек элементтері бар костюмдердің эскизін әзірлеп, мүдделі мемлекеттік органдарға ұсыныс ретінде жолдады", — деп жауап берді Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов.

Айта кетсек, биыл Бурабайда өткен ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев болмысымыздың маңызды көрінісі ұлттық киімді жан-жақты дәріптеу керектігін айтқан еді.

"Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық", — деді президент.