Қазақ дзюдошылары Астанада өткен әлемдік жарыста алтын ала алмады

11 мамыр, 2025 / Нұрлан Әлинұр
ФОТО: Kazakhstan Judo Team

Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысының 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде екі спортшымыз жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді.

Оның ішінде 19 жастағы жарыс дебютанты Бақжан Байтас тәжікстандық Мухсин Малаевты, өзбекстандық Мухаммадсодик Содиков, италиялық Энрико Бергамелли сынды азулы қарсыластарын жеңіп шығып, жүлделі орыннан көрінді.

Ал Марат Байкамуров шешуші белдесуде ливандық Карамноб Сагаиповты иппонмен сенімді түрде жеңіп, мансабындағы бірінші Grand Slam жүлдесін еншіледі.

Астанада Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінің соңғы жарыс күнінде Қазақстан ұлттық құрамасынан 14 балуан татамиге шыққан болатын.

Бұған дейін қазақстандық дзюдошылар арасынан Ғұсман Қырғызбаев (-66 келі) пен Талғат Орынбасар (-60 келі) күміс, ал Мағжан Шамшадин (-60 келі), Аман Бақытжан (-60 келі), Есет Қуанов (-73 келі) және Абылайхан Жұбаназар (-81 келі) қола жүлде иеленді.