Халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің баспасөз мәслихаты өтті

9 мамыр, 2025 / Өтей Торғайұлы

Алматы облысында Ұлы жеңістің 80 жылдығына арналған Халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлады turkystan.kz.

Баспасөз мәслихатына «JORYQ» ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков, Алматы облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының м.а. Рахман Шахарбек, Алматы облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Алиев және Халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің бас төрешісі Серік Абжанов қатысты.

Сөз алған «JORYQ» ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков Ұлы дала жорығының талап ережелеріне тоқталып өтті. Мәселен ереже бойынша 10 мамыр күні таңғы сағат 7.00-де жорық басталады. Әрбір 50 шақырым сайын аттар аялдап, мал дәрігерлердің тексеруінен өтеді. Олар жылқының жүрек қағысын тыңдап, жарақаты бар-жоғына көз жеткізеді. Күніне командалар 100 шақырымды еңсеріп тоқтайды. Осылайша бес күнде 500 шақырымды басып өтеді.

Алматы облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Алиев болса байрақты бәсекенің мәдени тұрғыдағы мәні жоғары деп атап өтті. Себебі ат спорты қазақтың мәдениетімен біте қайнасып жатыр.

Алматы облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының м.а. Рахман Шахарбек әрбір 100 шақырым сайын еліміздің бай-мәдениеті мен өнерін паш ететін саханалық қойылымдар болатынын хабарлады. Бұл қойылымдар арқылы шет елдерден келтін қонақтар мен атбегілер Алматы облысының тарихымен терең танысатын болады.

Айта кетейік Халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесіне шет мемлекеттерден 6 команда, еліміздің 13 командасы қатысады.

10 мамыр сағат 6.00-де Алматы – Өскемен тас жолындағы Бақанас көпірінің маңында ашылу салтанаты басталады. Сағат 7.00 командалар жорықты бастайды. 14 мамыр Конаев қаласының «Қарлығаш» шағын ауданында халықаралық «Ұлы дала жорығы» мәреге жетеді. Шетелдік қонақтар үшін этноауылдар, фотозоналар және интерактивті алаңдар ұйымдастырылған. Осылайша «Ұлы дала жорығы» тек жарыс алаңы ғана емес, халықтар арасындағы мәдени байланыс пен достықтың алаңына айналады.

Тэгтер:

Ұлы дала жорығы ат бәйге Жорық