Ақша неге азайды?

9 мамыр, 2025 / Ділда УӘЛИБЕК
сурет: istockphoto.com

Халықтың Зейнетақы қорындағы қаражаты бірнеше ай қатарынан азайған. «Ақша қайда кетіп жатыр?» деген сұрақ біраз адамды алаңдатқан болатын. Жауаптылар не дейді? Жоғалған ақша қайта орнына келе ме? Осы сұрақтың жауабын іздеп, зерттеп көрдік.

Қаражат экономикаға жұмыс істеуі керек

2024 жылы қазақстандықтар БЖЗҚ-дан 500 миллиард теңгеден астам қаражат ше­шіп алған. Оның біразын халық тұрғын үй жағдайын жақсартуға, көбісін емделуге жұ­мсаған. Биыл зейнетақы жинақ­та­ры­ның ең төмен жеткіліктілік шегі өзгерген жоқ, алайда халық зейнетақы жинақтары туралы деректерден қаражат көлемінің азайғанын байқаған. Тіпті, кейбірі бір­не­ше ондаған мың теңге қаражат кем екенін көр­ген. Осыған байланысты ел арасында тү­сініспеушілік туындап отыр. «Ақша қай­д­а кетті?». Әрине, бұл – орынды сұрақ.

Естеріңізде болса, былтырғы қара­ша­да БЖЗҚ-дағы қаражаттың 1,5 трил­лион теңгесі инфрақұрылым жоба­ла­рына салынатыны туралы мәлімет тағы да елді елеңдеткен болатын. Тіпті, осы бас­­тамаға қарсы петиция да жарияланды. Сол кезде Ұлттық Банк төрағасының орын­басары Әлия Молдабекова ел аза­мат­тарының ақшасы мемлекет эко­номи­ка­сына жұмыс істеуге тиіс екенін айтып, БЖЗҚ қаражатын инвестициялаудың маңы­зын түсіндірген еді.

– БЖЗҚ – Қазақстан экономи­ка­сын­дағы ірі институционалдық инвестор, сон­дықтан да мұндай инвестицияларды дұ­рыс түсіну қажет. Өйткені қазақ­стан­дық­тардың ақшасы, бірінші кезекте, өз экономикамызға жұмыс істеуге тиіс. Бұл салымшылардың зейнетақы жинақтарына тұ­рақты инвестициялық кіріс алуды ғана емес, сонымен бірге елдің әлеуметтік-эко­но­микалық дамуына да ықпал етеді, – деген еді Әлия Молдабекова.

Яғни, ақша экономикаға жұмыс істеуі ке­рек, әйтпесе, оны инфляция құн­сыз­дан­дыра­ды. Төраға орынбасары бұл – бүкіл әлем­дегі зейнетақы қорлары қолданып отыр­ған стандарт тәжірибе деп түсін­дір­ген.

Сондықтан зейнетақы жинақтары елі­мізде де, шетелде де нарықтық жағ­дай­ларда әртүрлі валютадағы түрлі қаржы құ­ралдарына салынады. Осылайша, ин­вестициялық кіріс әртүрлі көзден келеді: бағалы қағаздар (салымдар және басқа да операциялар) бойынша сыйақы түріндегі кірістер; қаржы құралдарын нарықтық жә­не валюталық қайта бағалау түріндегі кіріс­тер; сыртқы басқарудағы активтер бойын­ша кірістер және тағы да басқа. Демек, қордағы қаражат көлемі осы кірістің өзгеруіне тікелей байланысты болады.

– Зейнетақы активтерін инвес­ти­ция­лаудың басты қағидаты – оларды әрта­рап­тандыру. Мұндай тәсіл олардың ұзақ­мер­зімді сақталуын және инвести­ция­лау­дан тұрақты түрде кіріс алуды қам­тамасыз ете­ді. Бұл өте маңызды, өйткені зейнетақы жи­нақтарындағы негізгі үлес, әдетте, көптеген жылдар бойы жинақталған ин­вес­тициялық кіріске тиесілі болады, – дей­ді БЖЗҚ ресми жауабында.

Зейнетақы активтерін басқарушы-
лар – Ұлттық Банк пен инвестициялық портфельді басқарушылар инвес­ти­ция­лау­дың өзіндік стратегиясына сәйкес жұ­мыс істейді. Олар инвестициялық порт­фельдің құрылымын инвестициялық дек­ларация шеңберінде өздері айқын­дай­ды. Нақты қандай құралдарға инвестиция жа­салатыны сол стратегияға сәйкес анық­талады.

Барлығы нарыққа негізделген

Ел ішіндегі сауалдарға жауап беріп, мәселені жан-жақты түсіндіру үшін өткен айдың ортасында Ұлттық Банк осы тақырыпта брифинг өткізген болатын. Жиында БЖЗҚ активтері қалай басқарылып жатқаны, жұмыстың нәти­желері туралы мәлімет берілді.

2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойын­ша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) зейнетақы активтері 22,3 трлн теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш 2014 жылғы сәуірден, яғни зейнетақы ак­тивтері БЖЗҚ-да біріктірілген кезден бе­рі 5 еседен астам өсіпті.

Брифингте айтылған нақты дерек­тер­ге сүйенсек, БЖЗҚ зейнетақы актив­тері­нің қазіргі портфелі мынадай құры­лым­нан тұрады: 60 пайызы – тең­ге­мен но­ми­нир­ленген қаржы құралдары, 40 пайы-
зы – шетел валютасымен номи­нир­ленген қаржы құралдары. Яғни, валю­та­дағы активтердің үлесі ақшалай есеп­те­ген­де 17,7 млрд АҚШ долларын немесе 9 трлн теңгені құрайды.

Ал теңгедегі портфель құрылымында не­гізгі инвестиция мемлекеттік бағалы қағаздарға салынған – олардың көлемі 9,3 трлн теңгені немесе теңгедегі портфельдің 69 пайызын құрайды. Бұл бағалы қағаздар Қазақстан қор нарығындағы ең сенімді әрі өтімді қаржы құралы саналады. Зей­не­тақы активтері, сонымен қатар квази­мемлекеттік сектор субъектілерінің об­ли­­гацияларына – бұл шамамен 15 пайыз, екінші деңгейлі банктердің облигация­ла­ры­на инвестицияланады, бұл шамамен – 5 пайыз.

Жиында Ұлттық Банктің Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов зейнетақы актив­терінің инвестициялану тетігіне тоқта­лып, БЖЗҚ портфелінің құрылымы мен басқару қағидаттарын нақты түсіндіріп берді.

– Айта кету керек, БЖЗҚ зейнетақы ак­тив­тері қандай да бір эмитенттердің тү­ріне немесе олардың қаражатты жо­ба­ларға инвестициялауға қатысты түпкі мақ­сатына қарамастан, тек нарықтық мөл­­­шерлемелермен инвестициялана-
ды, – деді Нұржан Тұрсынханов. Оның айтуынша, бұл тәсіл активтердің тұрақты та­быс әкелуіне ғана емес, ел эконо­ми­ка­сына да оң әсер етеді.

– Мұндай тәсіл зей­нетақы актив-терінің тұрақты инвес­тициялық табыс әкелуіне ғана емес, со­ны­мен қатар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да ықпал етеді, – деп толықтырды ол.

Сондай-ақ зейнетақы активтеріндегі валюта үлесіне де тоқталды. Оның сөзін­ше, мұндай әртараптандыру инвести­ция­лық мүмкіндіктерді кеңейтеді.

– 2016 жылдан бері зейнетақы ак­тив­теріндегі валюталық үлес кезең-кезеңімен 17 пайыздан 40 пайызға дейін ұлғайды. Валюталық активтердің болуы инвес­ти­циялаудың географиясын кеңейтіп, қар­жы құралдарының түр-түрін пайдалануға, сондай-ақ инвестициялық портфельдің сапасы мен өтімділігін арттыруға мүм­кін­дік береді, – деп атап өтті ол.

Сонымен қатар стратегиялық алло­кация туралы да сөз болды. Валю­талық портфельді тиімді басқару үшін тәуекел мен табыстылық арасындағы те­пе-теңдікті сақтайтын мақсатты стра­те­гиялық аллокация әзірленген. Бұл стра­те­гия нақты қандай құралдарға инвестиция салатынын да түсіндірді.

– Валюталық активтер индекстік не­гізде басқарылады, яғни инвестиция таң­далған нарықтардағы бағалы қағаздардың кең жиынтығын қамтитын индекстерге негізделеді. Мысалы, акциялар индексі Apple, Microsoft, Tesla және басқа да ком­панияларды қоса алғанда, 1 000-нан астам эми­тентті қамтиды, – деді Нұржан Тұр­сын­ханов.

Оның айтуынша, мұндай құрылым тәуекелді азайтып, табыстың тұрақ­ты­лы­ғын қамтамасыз етеді. 

– Осылайша, акциялардың жоғары құ­былмалылығын ескере отырып, оны азайту мақсатында өзара корреляциясы әлсіз АҚШ-тың қазынашылық облига­ция­лары портфельге қосылды. Бұл – біз соңғы екі аптада байқағанымыздай, акциялар құны қатты құбылып, төмендеген кезең­дерде, валюталық портфельдегі облига­ция­лар сол шығынның орнын толтыра алады дегенді білдіреді, – деп нақты мысал келтірді департамент директоры.

«Ауытқулар – уақытша, өсім – тұрақты»

Сонымен, қаражат азайғанына нақ­ты не себеп болды? Бұл жағдай қо­ғамда алаңдаушылық тудырғанымен, Ұлт­тық Банк оны уақытша құбылыс деп сендіріп отыр.

– 2025 жылдың бірінші тоқсанында зейнетақы салымшылары өз шоттарында ин­вестициялық табыстың төмендегенін бай­қады. Алайда бұл жағдай уақытша сипатқа ие, сондықтан алаңдауға негіз жоқ, – делінген түсіндірмеде. Ресми мәлі­метке сүйенсек, бұл төмендеу зейнетақы активтерінің нарықта қайта бағалануы­мен байланысты.

– Төмендеу үрдісі зейнетақы активтері қай­та бағаланғандықтан болды, – деп нақ­тылады Нұржан Тұрсынханов. Сон­дай-ақ табыстың азаюына бірнеше сырт­қы және ішкі факторлар әсер еткен. Атап айтқанда, теріс инвестициялық табыстың негізгі себептерінің бірі – инфляция мен инф­ляциялық күтулердің өсуі аясында мемлекеттік бағалы қағаздар кірістілігінің артуы. Бұл өз кезегінде олардың нарық­тағы құнын төмендетіпті. Сонымен қатар Қар­жы министрлігі осы бағалы қағаздар­ды көп ұсынғандықтан, ол да нарықтағы бағаға әсер еткен.

Ұлттық Банк валюта бағамының құбылуы да табысқа әсер еткенін жоқ­қа шығарған жоқ.

– Инвестициялық табысқа АҚШ дол­ларына қатысты теңге бағамының құбыл­ма­лылығы да әсер етті. 2025 жылдың ба­сын­да доллар бағамы 525,11 теңге болса, нау­рызда 504,44 теңге болды, – деді Нұр­жан Тұрсынханов. Бұл ретте банк теңге нығайған кезде шетел валютасындағы ак­тивтердің теңгемен есептелген құны­ның төмендеуі уақытша құбылыс екені ай­тылды.

– Бұл жердегі маңызды мәселе: теңге ны­ғайған кезде шетел валютасындағы ак­тивтердің теңгемен есептегендегі құны уа­қытша төмендейді. Бұл есептеулерде тең­гемен көрсетілген мәнде шығын ретін­де көрініс табады, – дейді Ұлттық Банк өкілі.

Яғни, табыстың теріс мәнге түсуі тү­бегейлі шығын емес.

Жыл басынан бері тіркелген теріс ин­вестициялық табыс – есеп түріндегі ғана мәлімет, яғни түбегейлі шығын болып саналмайды. Бұл – активтер құнының уа­қытша құбылуына байланысты қалып­тасқан көрсеткіш. Қаржы нарығындағы жағдай тұрақталған сайын, бұл актив­тер­дің құны қайта қалпына келеді, – деді Нұржан Тұрсынханов.

Инвестициялық саясаттың жалпы бағытында еш өзгеріс жоқ. Мұндай тәсіл­дің артықшылығы көп екені де айтылды. Ұлттық Банк болашақта да салымшылар мүддесін ескере отырып, зейнетақы ак­тивтерін ұзақмерзімді мақсаттарға сай инвестициялауды жалғастыра беретінін жеткізді.

Яғни, зейнетақы активтері мәселесіне келгенде, бүгін-ертеңді ғана қамтымай, алысқа көз тігу қажет. Жалпы, зейнетақы активтері әлемдік тәжірибеде ұзақмерзімді инвестиция ретінде қарастырылады. Сондықтан қысқамерзімді табыс көрсеткіштері зейнетақы активтерін басқару тиімділігінің нақты көрсеткіші бола бермейді. Демек, қаражаттың азаюы қордың инвестициялық қызметіне байланысты болып отыр. Ал ақша қайтадан орнына келе ме деген сұраққа келер болсақ, жауаптылар «нарық тұрақтағанда, активтердің құны қайта қалпына келеді» деп сендіріп отыр.

Тэгтер:

ақша БЖЗҚ қаражат неге азайды