Ерлерді ел де ұмытпас, жер де ұмытпас

9 мамыр, 2025 / Админ

Сыр елі –  батыр бабаларымыздың ізі қалған қасиетті топырақ. Екінші дүниежүзілік соғысқа бір ғана Қазалы ауданынан 10 770 азамат майданға аттанған.

Олардың арасында қаза­лылық Әсербаевтар әуле­тінің  Байниет, Ақниет, Ай­ниет сынды үш бірдей ұлы болды. Соғыстан тек 6 229 жауынгер ғана аман-есен елге оралған. Ортаншы ұл Байниет Сталинград май­данында ерлікпен қаза тауып, Ақниет жаралы бо­лып қайта елге оралған. Ал кіші ұл, менің әкем Айниет Әсербаев соғыс жылдарында әскерге шақырылып, Қиыр Шығыстағы Жапон им­пе­раторының Квантун ар­мия­сына қарсы шекара ше­бін­дегі қан майданның орта­сы­нан бір-ақ шықты.

Германия тізе бүк­ке­німен, Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталмаған еді. Кеңес Одағы Жапонияға қарсы соғыс жариялап, Забайкал майданына әскер қосты. Соғысқа қатысқан 39-армия құрамында Сыр елінің жауынгері Айниет те болып, 8-гвардиялық дивизия құрамында жауға тойтарыс берді. Кеңес әскерінің қатарында Оптор, Хайлар, Харбин, Жалайнор бағыттарындағы соғыста ерлігімен бірнеше рет көзге түскен. 1948 жылы наурыз айында елге аман-есен жеңіспен оралды.

Соғыстан кейінгі жылдары әкем Айниет Әсербаев партия, кеңес қызметтерінде және кейінгі қырық жыл ғұмырын сауда саласына арнады. Ол сол тұста Бірлік, Ақөзек секілді село басшысы қызметін абыроймен атқарып жүріп, білімін жетілдірді. Кейін Жаңа Қазалы поселкесінде шаруашылық азық-түлік сауда мекемесін басқарды. Осылай өмірінің 40 жылын басшылық қызметке арнады. Зейнетке шыққанға дейінгі өміріндегі тынымсыз еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол көзі тірісінде «Құрмет белгісі», «Ерен ерлігі үшін», Кеңес Одағының мар­шалы Г.Жуков атындағы медаль, т.б. көптеген орден-медальмен марапатталған.

1925 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген Айниет Әсербаев 2000 жылы 75 жасында дүниеден өтті. Көзі тірісінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Бүгінде батырдың ұл-қыздарынан ұрпақ жалғасын тауып жатыр. «Ерлерді ел де ұмытпас, жер де ұмытпас» деп Мағжан ақын жырлағандай, ерлік ешқашан ұмытылмайды. 2022 жылы Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде Айниет Әсербаев атына көше берілді. Көзі тірісінде балаларына «Адал болсаң, абыройлысың» деп өсиет қалдырған әкеміз өмірін өкінішсіз өткізді десек, қателеспейміз.

Ұлттық кодымызды сақтап, өскелең ұрпақтың бойына батыр бабаларымыздың ерлік рухын сіңіру мақсатында батырдың балалары аталарының ерлігін, еңбекқорлығын үлгі етіп, 2018 жылы келіні Қарлығаш Абдрахманова  «Адал болсаң, абыройлысың» атты естелік кітап шығарды.

Жеңістің 80 жылдығы мерейтойында батырдың ұрпақтары естелік жазып, сарғайған суреттерге қарап, аталарына сағына еске алады.

Болатбек АЙНИЕТҰЛЫ

Тэгтер:

жер ер ел