Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының басындағы ашаршылық қазақ даласын түгел шарпып, әр отбасының басына қара бұлт үйірілді. Аштық Hыспеков әулетін айналып өтпеді.
Әулеттің қос құлыны Зейіт пен Момбек ата-анасынан жастай айырылып, балалық шақ қызығын көрмей өсті. Ағайынды қоңыр қозы жетімдер үйінде тәрбиеленді. Бірақ екеуі бір-біріне аса қамқор болып өсті. Адал нан табуды ойлаған Зейіт бозбала шағында шофер курсын аяқтап, техникаға қызығушылығының арқасында автокөлік жүргізуші болып еңбек жолын бастайды. Алдына қойған мақсатын жүзеге асыру жолында жұмысқа жастайынан араласқан ол жасын бір жылға ұзартып жазады. Негізі Зейіт атамыз Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Бесағаш ауылында 1917 жылы дүниеге келген. Бірақ құжатқа 1916 жылы туған деп жаздыртады. Сондықтан әскерге де ерте шақырту алады. 1940 жылы 15 қаңтар күні Жамбыл аудандық әскери комиссариаты Зейінді шақырып, Отан алдындағы борышын Закавказье әскери округында атты әскер құрамында өтеуге бұйрық шығарады. Бұл әскери құрама негізі қырғыз елінде жасақталған болатын. 1941 жылдың жазында әскери борышын тәмамдап, елге ораламын деп жүрген жауынгер неміс-фашист басқыншылары бастаған Екінші дүниежүзілік соғыс отына шарпылады.
Зейіт Рыспеков 1942 жылы 26 қыркүйектен 1943 жылғы 10 сәуір аралығында Калининград майданына, 1943 жылғы 10 сәуірден 1943 жылғы 20 маусым аралығында Батыс майдан, 1943 жылғы 15 маусымнан 1 қарашаға дейін Оңтүстік-Батыс майданда, 1943 жылғы 1 қарашадан ІІІ Украин майданы құрамында және 1944 жылғы 21 ақпаннан Батыс Украин майданында қар жамылып, мұз жастанып жүріп, басынан бақайшағына дейін қаруланған жауға 120 мм миномет батареясының командирі бола жүріп тойтарыс береді. Ол бұл әскери мамандықты соғыс басталар алдында арнайы дайындық мектебінен өтіп, игерген еді. Сардар сұрапыл соғысты Праганы азат етумен аяқтады. Қан майдандағы қаһармандығы үшін, қол бастаған командир, гвардия лейтенанты Зейіт Рыспеков екі мәрте «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Будапештті алғаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды.
1944 жылы 31 қазан күні 1290-атқыштар полк командирі, майор Пивиков 120 мм миномет батареясының взвод командирі, гвардия лейтенант Зейіт Рыспековті шайқас алаңындағы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденіне марапатқа ұсынып, марапат қағазын толтырып, өз қолын қойған және полк мөрін соққан. Бұл құжат Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінде сақтаулы.
Аталған құжатта Зейіт Рыспековтің гвардия лейтенант шенінде, 113 Нижнеднестров атқыштар дивизиясы, 1290-атқыштар полкының 120 мм миномет батареясында взвод командирі екені, 1916 жылы туғаны, ұлтының қазақ екені, 1942 жылдан ВКП (б) мүшесі болғаны тіпті партиялық билетінің №4956476 номері, әскерге Жамбыл аудандық әскери комиссариатынан 1940 жылы 15 қаңтар күні шақырылғаны жазылған:
«Гвардия лейтенат Рыспеков Зейіт – 120 милиметрлік минометтер батареясының взвод командирі. 1290-атқыштар полкінде 1944 жылғы 15 маусымнан Югославия қалалары үшін шайқастарда Рыспековтың батареясы жақсы жағынан көрінді. Атыс позицияларын өзгерте отырып, ерекше маневр көрсетіп, Рыспеков шайқас барысында өзінің жеке құрамын сақтап қалды, қарсыласын үлкен шығынға ұшыратты. Жаудың 20-ға дейін отты нүктелерін жойды. Жаяу әскеріміздің Крагуевац қаласының шабуыл шебіне қарай ілгерілеуіне қатты кедергі жасаған жаудың 1 миномет батареясын және 5 пулемет нүктесін қала үшін шайқаста жойып жіберді. Осы атыс нүктелері жойылғаннан кейін батальон қалаға аз шығынмен сәтті кірді. Гвардия лейтенанты З.Рыспеков «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатқа лайық».
1944 жылы 2 қарашада 113 Нижнеднестров атқыштар дивизиясының артиллерия қолбасшысы, полковник Гуртовенко З.Рыспектовті «Қызыл Жұлдыз» орденіне марапатқа лайық деп қолын қойған. 1944 жылы 28 қараша күні 113 Нижнеднестров атқыштар дивизиясының штаб бастығы, гвардия майор Щербаков З.Рыспектовтің 1944 жылы 18 қарашада № 046/Н бұйрықпен «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталғанын растап құжатқа қолын қойған.
1945 жылы 8 сәуір күні атқыштар полк командирі, гвардия подполковник Косянец 120 мм миномет батареясының взвод командирі, гвардия лейтенант Зейіт Рыспековті ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденіне марапатқа ұсынып, марапат қағазын толтырып, өз қолын қойған және полк мөрін соққан. Құжат Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінде сақтаулы. Өкінішке қарай, қол бастаған сардар З.Рыспековке ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені бұйырмаған. Сұрапыл соғыста Отан үшін елін жаудан қорғау жолында шайқас алаңдарында қайран ерлер оққа ұшып жатқанда штабтағылар жылы жерде отырып алып ордендерді таразыға салған-ау деген ой туады.
Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін оған кадрлік офицерлер дайындайтын арнаулы оқу орындарына жолдама берілгенмен, бейбіт еңбекке араласу мақсатында елге оралды. Зейіт ата 1946 жылы Жамбыл облысы, Луговой (қазіргі Құлан) ауданы Ақыртөбе ауылында 1924 жылы дүниеге келген Данақыз Жақыпбекқызымен көңілі жарасып, отау құрады.
Майдангер Зейіт Рыспеков 1948-1950 жылдары Жамбыл облыстық мал шаруашылығы шикізатын даярлау мекемесінің басшысы қызметін абыроймен атқарды, 1950-1954 жылдары Жамбыл облысының Талас ауданы Төгіскен кеңшарының (қазіргі Сарысу ауданы Тоғызкент ауылы) Досбол фермасын басқарды, одан кейін Луговой ауданының жылқы зауыты және Подгорный шаруашылықтарында жұмысшы комитетінің басшысы болып еңбек етті. Әскери өмірдің қатал тәртібіне үйренген Зейіт Рыспеков жұмыста талапшыл боған. Ол еңбек ете жүріп білім деңгейін көтеру мақсатында Сарыағаш ауданындағы «Капланбек» мал дәрігерлік техникумына оқуға түседі. Бұл оқу орны 1943 жылы Ставропольден көшірілген мал дәрігерлік институт пен дәл сол жылы Алматыдан көшірілген республикалық кеңес партия мектебінің негізінде күшейтілген оқу орны болатын.
Оқу орнын бітіргеннен кейінгі еңбек өтілі Жамбыл облысы, Жамбыл ауданындағы «Бірлесу-Еңбек» колхозында партия комитетінің хатшысы, одан кейін Талас ауданы, Үшарал кеңшарында кадр бөлімінің басшысы қызметтерімен жалғасты.
Зейнетке шыққаннан кейін Жамбыл қаласына, одан Орал қаласына баласы Тұяқбай Зейітұлының қолына қоныс аударады. Зейнеткер кезінде Оралда Шаған су деңгейін бақылаушы ретінде облыстық су басқармасында жұмыс істеген. Соғыс және еңбек ардагері Зейіт Рыспеков 1997 жылы 19 ақпан күні өмірден өтті.
Ахмедияр БАТЫРХАНОВ,
Журналистер одағының мүшесі,
Орал қаласы