Инженерлік-авиациялық қамтамасыз ету бөлімінің аға инженері – бұл авиациялық техника мен инфрақұрылымды техникалық тұрғыдан қамтамасыз етуге жауапты. Негізгі міндетімізге – ұшақтар мен тікұшақтардың техникалық жағдайын қадағалау, олардың уақытылы жөнделуі мен техникалық қызмет көрсетілуін ұйымдастыру, ұшу қауіпсіздігін сақтау мақсатында барлық техникалық процедуралар мен стандарттардың орындалуын бақылау, жөндеу-техникалық қызмет көрсету бөлімдерімен тығыз жұмыс жасау, қажетті қосалқы бөлшектер мен құрал-жабдықтарды уақытында жеткізуді ұйымдастыру, кадрларды оқыту және үйлестіру, мамандардың біліктілігін арттыру, олардың жұмысын бақылау және үйлестіру, сонымен қатар жаңа технологияларды енгізу кіреді. Бұл – заманауи техникалық шешімдер мен жабдықтарды енгізу арқылы техникалық қызметтің тиімділігін арттыруда өте маңызды.
Көк аспанға көтерілген әрбір әскери ұшақ – елдің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін күзететін қанатты қорған. бірақ сол ұшақтың сәтті ұшып-қонуы, ұшқыштың амандығы мен тапсырманың орындалуы кездейсоқтық емес – бұл жүздеген маманның еңбегінің нәтижесі.
Әскери әуе қауіпсіздігі – ұлт қорғанысының негізгі тірегі. Бұл жай ғана ереже емес, күнделікті тәртіп пен өмірлік маңызы бар талап. Әуе кемелерінің ұшу алдындағы тексерісі, ұшқыштардың психологиялық дайындығы, техникалық қызмет пен апаттың алдын алу – осының бәрі әскери әуе қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі. Бұл салада бірде-бір ұсақ-түйек болмауы керек, өйткені әрбір ақау – үлкен қатердің бастауы болуы мүмкін.
Әуе қауіпсіздігіне жауапты мамандықтардың маңызы өте жоғары, себебі олардың жұмысы адамдардың өмірін, ұшу қауіпсіздігін және бүкіл авиациялық инфрақұрылымды тікелей қорғауға бағытталған. Инженерлік-авиациялық қамтамасыз ету бөлімі – авиация саласының тірегі. Бұл мамандар әскери ұшақтар мен тікұшақтардың сенімді әрі қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде адам шығыны мен техникалық апаттарды болдырмауға барын салады.
Біз 7 мамыр – Отан қорғаушылар мерекесіне орай әуе қауіпсіздігінің күзетшісіне айналған маман, майор Бақыт Айнабековпен әскери жолы, кәсіби қызметі мен азаматтық ұстанымы жайында әңгімелескен болатынбыз. Бақыт Убайдуллаұлы – Шымкент қаласындағы 55652 әскери бөлімде Инженерлік-авиациялық қамтамасыз ету бөлімінің аға инженері.
Ол республикалық әскери мектеп-интернатты бітірген соң Ақтөбе қаласындағы Жоғары әскери авиациялық училищесіне оқуға түсіп, оны 2001 жылы тәмамдайды. Дипломын қолға алған соң еңбек жолын Шымкентте 55652 әскери бөлімде авиациялық жабдықтарды қамтамасыз ету жөніндегі техник болып бастайды. Екі жылдан соң Талдықорған қаласына аға техник болып ауысады. 2012 жылы Ақтау қаласына аға инженер болып барады. Сонда 4 жыл еңбек етіп, 2016 жылы өзінің туған жері Шымкент қаласына келіп қызметін жалғастырады.
Бақыт Убайдуллаұлы өзінің әскери қызметін мақтанышпен атқарады. Ол үшін әскери қызмет тек мамандық емес, өмірлік миссия. Сондықтан да өз жұмысында жоғары жауапкершілік пен тәртіпке ерекше мән береді.
– Біздің жұмысымыз көзге көрінбейтін, бірақ әуе кеңістігіндегі әрбір сәттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды еңбек. Міндетіміз – ұшқыштың көкке көтерілуін ғана емес, аман-есен жерге қонуын да қамтамасыз ету. Бір қарағанда, инженер жұмысы тек техникамен байланысты болып көрінуі мүмкін. Бірақ біз адамдардың өміріне жауаптымыз. Сондықтан бұл – үлкен жауапкершілік жүктейтін мамандық. Күн сайын жаңа міндеттер, күтпеген жағдайлар туындап жатады. Әр ұшуға 100 пайыз дайын болуымыз керек, – дейді майор.
Қазір Бақыт Убайдуллаұлы бөлімнің тікұшақтарына жауапты аға инженер. Ол авиациялық техниканың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмыс істейді. Әрбір ұшу алдында тікұшақтардың техникалық жай-күйін мұқият тексеріп, ұшуға рұқсат береді. Бұл жұмыста қателікке жол жоқ, себебі әрбір техникалық ақау адам өміріне тікелей әсер етуі мүмкін.
Бақыт Айнабековтің басқаруындағы топ бірнеше ондаған тікұшаққа қызмет көрсетеді. Білікті маман заманауи диагностикалық құралдарды жан-жақты меңгерген. Терең білімі мен байыптылығы сын сағатта дұрыс шешім қабылдауына оң әсер етеді.
– Инженерлік-авиациялық қамтамасыз ету бөлімінің аға инженері – бұл авиациялық техника мен инфрақұрылымды техникалық тұрғыдан қамтамасыз етуге жауапты. Негізгі міндетімізге – ұшақтар мен тікұшақтардың техникалық жағдайын қадағалау, олардың уақытылы жөнделуі мен техникалық қызмет көрсетілуін ұйымдастыру, ұшу қауіпсіздігін сақтау мақсатында барлық техникалық процедуралар мен стандарттардың орындалуын бақылау, жөндеу-техникалық қызмет көрсету бөлімдерімен тығыз жұмыс істеу, қажетті қосалқы бөлшектер мен құрал-жабдықтарды уақытында жеткізуді ұйымдастыру, кадрларды оқыту және үйлестіру, мамандардың біліктілігін арттыру, олардың жұмысын бақылау және үйлестіру, сонымен қатар жаңа технологияларды енгізу кіреді. Бұл – заманауи техникалық шешімдер мен жабдықтарды енгізу арқылы техникалық қызметтің тиімділігін арттыруда өте маңызды, – дейді аға инженер.
Расында, әуе апаттарының 70-90 пайызы адам факторынан туындайды. Оған техникалық ақау, қателік, немқұрайлылық жатады. Қауіпсіздікке жауапты инженерлер мен инспекторлар осы қателіктерді ерте анықтап, жазатайым жағдайдың алдын алады.
Аға инженер ретінде Бақыт Айнабеков тек өз жұмысымен ғана шектелмейді. Ол жас мамандарды оқытып, тәжірибесімен бөлісіп келеді. Әрбір жас маман оның жетекшілігімен тәжірибесін шыңдап, авиациялық техниканың қыр-сырын меңгереді.
– Жастарға тек білім беріп қоймай, тәртіп пен патриоттық рухты да сіңіруіміз қажет. Жаңа келген жас мамандардың көзі жанып тұрады. Олар техниканы үйренуге құштар. Бірақ бұл салада тек білім жеткіліксіз. Салқынқандылық, тәртіп пен елге қызмет етемін деген адал ниет болуы шарт. Біз осыны үйретуге тырысамыз, – деді кейіпкеріміз.
Тәжірибелі маманның бұрынғы шәкірттері бүгінде еліміздің түпкір-түпкіріндегі әскери бөлімдерде табысты қызмет атқарып жүр. Бұл – Бақыт Убайдуллаұлы үшін үлкен мақтаныш.
Аға инженер Астана қаласында өткен 7 мамыр Отан қорғаушыларға арналған әскери шеруге дайындықты өте жақсы жүргізді. Елордада өткен Екінші дүние-жүзілік соғысқа 80 жыл толуына орай ұйымдастырылған әскери шеруде үлкен міндет жүктелді – тікұшақтардың сапалы әрі ақаусыз ұшып-қонуын қамтамасыз ету. Іс-шараға дайындық барысында инженер күнделікті техникаларды тексеріп, шеруге қатысатын экипаждармен бірлесе жаттығу жүргізді. Әскери бөлімнің аумағында ұшу сынақтары өткізіліп, барлық жүйелердің жұмысқа жарамдылығы тексерілді. Өйткені әрбір қозғалтқыш, әрбір винт – бұл адамдардың өмірі мен ел қауіпсіздігіне жауапты тетік.
– Әскери шеру – ата-бабамыздың ерлігін еске алу, олардың рухына тағзым ету, сондай-ақ елге қызмет етудің және жас буынның елге адалдығының белгісі. Оған қатысу – үлкен мәртебе, бірақ оның артында үлкен еңбек жатыр. Біздің техникамыз мінсіз болуға тиіс. Сол үшін біз күн-түн демей еңбек етіп жатырмыз, – деді маман.
Адам баласы мамандық пен жар таңдаудан қателеспеуі керек делінеді. Бақыт Убайдуллаұлы сүйікті мамандығын тапқан, өмірлік жарымен тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан бақытты жан. Кейіпкеріміз тек білікті маман ғана емес, үлгілі отбасы иесі. Жұбайымен бірге үш бала тәрбиелеп отыр. Ол қызмет пен отбасылық өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтау оңай емес екенін біледі. Осы жолда өмірлік жарының бұл міндетті де өз мойнына алып отырғанына разы.
– Қарулы Күштерде қызмет ету – тек жұмыс емес, бұл өмір салты. Әскери салада еңбек ететін жігіттердің отбасына бөлетін уақыты аз. Өйткені біз мемлекетке қызмет ететіндіктен, тәулік бойы дайындық жағдайында болуымыз керек. Сондықтан отбасындағы жауапкершіліктің 70-80 пайызы отанасына қалады. Мен үшін ең үлкен мотивация – балаларым. Олардың болашағы үшін еңбектенемін. Әкем маған адалдық пен еңбексүйгіштік қасиеттерін дарытса, мен де осыны өз ұл-қыздарыма сіңіруге тырысамын. Себебі жақсы маман болу үшін ең алдымен жақсы адам болу керек, – дейді инженер.
Бақыт аға балаларына патриоттық тәрбие беріп, өз кәсібіне деген сүйіспеншілікті жиі айтып отырады. Отба-сылық құндылықтарды жоғары бағалай-тын ол адамгершілік пен адалдықты басты қасиет санайды. Әскери авиация саласында зор еңбек сіңіріп жүрген маманның кәсіби тәжірибесі, тәртібі мен жас буынға берер тәлімі – еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға қосқан қомақты үлес. Ол сынды мамандардың еңбегі – еліміздің тыныш-тығы мен әуе қауіпсіздігінің кепілі. Мұндай азаматтар арқылы болашақ буынға сенім-ділік пен мақтаныш сезімі ұялайтыны сөзсіз.