Тіл үйрену – әлемге тағы бір терезе ашу дейді қытай даналығы. Көп тіл білетін адам көп өмір сүреді деген де тәмсіл бар. Әрбір жаңа тіл – жаңа көзқарас, жаңа мүмкіндік, жаңа өмір. Тіл тек қарым-қатынас құралы ғана емес, өзге елдің мәдениетін, әдебиетін, тарихын білуге бастайтын жол.
Қоғамда қазақ тілінде еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілдерін жиі кездестіріп жатамыз. Оларға қарап сүйсінеміз, ішіміз жылып, жақын тартып тұрамыз. Өйткені бұл олардың өзі тұратын мемлекетті, оның халқын, тілін сыйлайтынын көрсетеді.
Бүгінгі біздің кейіпкеріміз қазақ тілімен қатар өзбек, түрік, тәжік, кәріс және орыс тілдерін меңгерген – Шахбоз Сатыбалдиев. Ол ҚР ІІМ Түркістан қаласындағы Ұлттық ұланның 5574 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүр. Шымкент қаласында дүниеге келген ол үйінің үлкені. Орта мектепті бітірген соң жұмысқа араласып, кейін Астана қаласында жүргенінде әскерге шақырту алады. Өзінің талабының арқасында 6 тілді меңгерген жігіт бүгінде әскер қатарында жүріп жетінші тіл, ағылшын тілін үйреніп жүр. Полиглот сарбаз қызмет ететін әскери бөлімге хабарласып, өзімен телефон арқылы аз-кем тілдестік.
– Менің ұлтым – тәжік, Шымкент қаласында дүниеге келдім. Ана тіліммен қатар қазақ тілін өте жақсы білемін. Қазақы ортада өскендіктен қазақша үйрену еш қиын болмады. Әрбір тілді меңгеру арқылы сол халықтың мәдениеті мен болмысын тереңірек түсінуге тырысамын. Қазақ, өзбек, тәжік, түрік, орыс және кәріс тілдерінде еркін сөйлеймін. Қазір ағылшын тілін үйреніп жүрмін. Болашақта қытай және француз тілдерін де меңгерсем деймін. Әлемде шекара жоқ екенін, білім мен тіл арқылы бәрі ашық болатынына тіл үйренген сайын көзім жетіп келеді, – дейді Шахбоз.
Оның айтуынша, тіл білу – жай ғана сөз жаттау емес, ол – мәдениетті түсіну, ел мен жерді тану, тұлға болып қалыптасудың басты қадамы. Өзбек тілін Өзбекстанда білім алған кезінде, ал кәріс тілін Кореяда жұмыс істеген 5 жылында үйренген. Түрік және орыс тілдерін күнделікті өмірде, дос-жаранмен араласа жүріп меңгерген.
– Бір тіл – бір адам, ал көп тіл – көп мүмкіндік. Мен үшін тіл – құрал ғана емес, ол – көпір. Тіл арқылы адамның жүрегіне жол табуға болады. «Тіл – халықтың жаны» дейді. Әр тіл – тұтас бір ұлттың тағдыры, болмысы, – дейді жас сарбаз.
Ол тіл үйрену үшін ешқандай курсқа немесе арнайы бағдарламаға қатыспаған. Ең басты әдісі – ортаға бейімделіп, сөйлесуге қорықпау. Жаңа сөздерді дәптерге жазып, қазақ, өзбек немесе тәжік тіліндегі баламасымен салыстырып, сөйлем құрап отырған. Бұл әдіс оны тілді сезінуге, ой еркіндігін дамытуға жетелеген.
– Тіл үйренуімнің ешқандай құпиясы жоқ. Ең бастысы – ықылас пен табандылық. Мен бір сөзді жаттаған кезде, оны міндетті түрде 2-3 тілде салыстырамын. Сонда ол есте ұзақ қалады. Маған кәріс тілін үйрену қиынға соқты. Бірақ ортаның әсері мені тез бейімдеді. Жанымда жүрген достарым көп көмектесті. Екі жыл ішінде еркін сөйлейтін деңгейге жеттім, – дейді ол.
– Әскери өмір маған физикалық тәртіппен қатар ішкі тәртіпті де үйретті. Мені төзімділікке, сабырлылыққа баулыды. Мұнда бір жыл уақытыңды емес, болашағыңды бағалайсың. Әскер қатарында жүріп тіл үйрену қабілетімді одан әрі дамытуға мүмкіндік алдым. Себебі Түркістан қаласына әлемнің әр түпкірінен туристер ағылып келеді. Ал мен қала көшелеріндегі қоғамдық тәртіпті қадағалау кезінде шетелдіктерге жиі көмектесіп тұрамын. Бірнеше тіл білгеннің арқасында оларға заң мен ережені түсіндіруде еш қиналмаймын. Көпұлтты ортада тіл білу – аса қажет. Бұл – елге қызмет етудің жаңа бір қырына айналды. Әскерде жүріп тіл білудің маңызын терең түсіндім. Бос уақытымда кітапханаға келіп, ағылшын тіліндегі кітаптарды оқимын. Болашақта қытай және француз тілдерін үйренгім келеді, – дейді ол.
Жас сарбаз болашақта шетелде білім алып, дипломат болуды армандайды. Бұл арманының астарында үлкен мақсат – өз елін халықаралық деңгейде таныту, ел мен ел арасындағы байланысқа дәнекер болу ниеті жатыр.
– Дипломат болу үшін көп тіл білу ғана емес, елін сүю, адал қызмет ету қажет. Мен тіл үйрену арқылы өзімді таба алдым. Тіл маған сенімділік, көзқарас, кең өріс сыйлады. «Тіл – елшінің қылышы, тіл қылыштан да өткір» дейді ғой. Соның шындығына көзім жетті, – дейді кейіпкеріміз.
Тіл білу арқылы ел дамуына үлес қосуды қалайтын Шахбоздың достары да әртүрлі ұлт өкілдері.
– Әр тіл – жаңа әлем. Тілді үйренген сайын адам ішкі дүниесін де кеңейтеді. Әлемді түсінудің ең тиімді жолы – сол халықтың тілін меңгеру. Тіл – адамның жанын, рухын тәрбиелейді. Әр халықтың мәдениетін, тұрмысын, тарихын тілі арқылы ғана терең түсінуге болады. Мысалы, кәріс халқымен бірге жұмыс істеп, олармен күнделікті сөйлесе жүріп, олардың еңбекқорлығын, жауапкершілігін көрдім. Түріктермен араласқанда отбасы құндылығына мән беруді, орыстармен сөйлескенде тиянақтылықты байқадым. Әр тіл – менің дүниетанымымды кеңейтіп, өзімді тәрбиелеудің мектебіне айналды, – дейді сарбаз.
Шахбоз үйдің үлкені, артынан ерген үш інісі бар. Арманы да асқақ – жоғары білім алып, халықаралық деңгейде жұмыс істеп, отбасын құру.
– Ер-азаматқа керегі – тәрбие мен білім. Сосын елге қызмет ет. «Тілі жоғалған ел – бәрінен айырылады» дейді. Сол үшін мен тіл үйренуді – ұлтқа қызмет етудің бір жолы деп білемін, – деп аяқтады сөзін сарбаз.
«Жеті жұрттың білін біл, жеті түрлі білім біл» деп осындайда айтылса керек. Тіл үйрену жаңа әлемді тану, өзіңді дамыту, өзгелермен етене байланыс орнату. Ол – жүректі қозғайтын, адамдарды жақындастыратын, әлемді біріктіретін ұлы күш. Тіл білген адам – көпір салушы. Ол халықтар арасында байланыс орната алады. Сондықтан сөз басында айтқанымыздай тіл үйрену – өзіңді де, өзгелерді де танудың ең мағыналы жолы.