1941-1945 жылдардағы алапат соғысқа 1 миллион 200 мыңнан астам отандасымыз қатысты. Алайда бәрінің бірдей дерегі түгенделген жоқ. Хабар-ошарсыз кеткендері, ерлігі еленбегендері қаншама. Қан майдан кезінде із-түссіз кетіп, 66 жылдан кейін ғана сүйегі табылған қазақ сарбазы – Қуанай Әбдірахманов. Ерлігі ескерусіз қалған батыр 186 атқыштар дивизиясында 373 фашисті атып түсірген даңқты снайпер-барлаушы болған. Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында Turkystan.kz сайтының тілшісі батырдың шөбере бауыры – Жеңіс Рахманбергеновпен тілдесіп, аз-кем сөйлескен болатын.
«Атамыз 1924 жылы Ақтөбе облысы, бұрынғы Қарабұтақ ауданы (қазіргі Әйтеке би ауданы), Ақкөл ауылында дүниеге келген. Бірақ соғысқа баратын кезде құжат бойынша жасын 1922 жыл деп көрсетіп, шын жасына екі жас қосып, майданға аттанған. Әкеден жалғыз болған. Отбасын құрып үлгермеген, өз кіндігінен тараған ұрпақ жоқ. 1942 жылы соғысқа аттанып, үш жыл майдан шебінде қан кешіп, қантөгіс көріп, жан қиярлық ерлігімен есте қалған. Соғыс аяқталарға аз қалғанда, яғни, 1945 жылдың қаңтарында қаза тапқан. Алайда сол заманда ауыл жаққа із-түссіз кетті деген қара қағаз келген. Біздің атамыз Матай мен Әбдірахман ата – бір туған. Матай атамыз соғыстан аман-есен оралып, ағасы Әбдірахманның баласы – Қуанайды көп іздеген, бірақ таба алмаған. Қуанай атамыз 2011 жылға дейін із-түссіз кеткендер тізімінде болды. 66 жылдан кейін ғана сүйегі қайда жатқанын анықтай алдық. Ресейдегі ата-бабасын іздеген белсенді азаматтар арқылы атамыздың жерленген жерін таптық. Қуанай ата Польшаның Ласин қаласындағы Бауырластар зиратына жерленген екен. Ол жаққа әлі жете алмай жүрміз. Алдағы уақытта онда баруды жоспарлап отырмыз. Осы жақтан топырақ апарып салсақ дейміз», – дейді Жеңіс аға.
Қуанай Әбдірахмановтың туыстары Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік жасап, «Жауынгерлік Қызыл ту» орденін екі рет алса да, есімі ұмыт қалған батырға «Халық қаһарманы» атағы берілсе екен дейді.
«Атамыз соғыста снайпер – барлаушы болып, жалпы саны 373 фашисті атып өлтіріпті. Оның бәрі құжаттармен расталды. Екі мәрте «Жауынгерлік Қызыл ту» орденін алған. Ол заманда бұл орденді екі мәрте алған адамға бірден «Кеңес одағының батыры» атағы беріледі екен. Бірақ атамыз қаза тауып, хабар-ошарсыз кеткен соң ерлігі елеусіз қалған. Үшінші дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері, екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденінің кавалері. Әскери лауазымы – сержант. «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Атамыздың осы ерліктері ескерілсе, ұрпаққа үлгі боп қалса деген тілегіміз бар. Әйтеке би ауданының мәслихаты Ақкөлден атамызға саябақтың есімін берді. Ол жер қазір Қуанай Әбдірахманов атындағы саябақ деп аталады. Қазір көшеге атын беру мәселесін қозғап жатырмыз. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Ақтөбенің Ардагерлер кеңесіне өтініш жазып, атамызды ұлықтау жөнінде өтініш білдірдік. Олар «Халық қаһарманы» атағын беру үшін құжаттарын орталыққа жіберді. Хабар күтіп отырмыз», – дейді туысы.