Жастар жаңа Рим Папасын таңдауды TikTok-тағы шоуға айналдырған. Z ұрпақ тіпті өз фаворитін де таңдап үлгерді: филиппиндік кардинал Луис Антонио Тагле. Оған TikTok-та «Tagle-core» деген ат қойылып, трендке айналып жатыр. Бірақ бұл бәріне бірдей ұнай қоймаған. Бұл туралы euronews.com жазды.
Сикстин капелласында жаңа Рим Папасын таңдау басталғанда, әлеуметтік желілерде бұл ежелгі діни рәсімге жеңіл әрі заманауи көзқарас қалыптасқаны байқалған. Біреулер үшін бұл – қасиетті нәрсені қорлау. Ал енді біреулер үшін тарихы терең, қатаң дәстүрге толы рәсімге аздап жылылық қосу.
Кейбіреулер бұл трендті «Conclave» фильмінен алған. Папа Франциск қайтыс болғаннан кейін аталған фильмнің қаралымы күрт өскен. Әрине, дәстүрлі католик қауымдастығында бұған сын айтылып жатыр.
Z ұрпақ күрделі оқиғаларға мемдер арқылы жауап береді. Бұл – күлкі арқылы күйзелісті жеңу, өзара байланыс орнату, шынайы қатысу тәсілі.