Қазақстан АСЕАН+3 облигациялар нарығы форумында бақылаушы мәртебесін алды

6 мамыр, 2025 / Алуа Арман
gov.kz

АСЕАН+3 елдерінің қаржы министрлерінің шешімімен Қазақстан Республикасының АСЕАН+3 облигациялар нарығы форумында (ASEAN+3 Bond Market Forum) бақылаушы мәртебесін алуға өтінімі мақұлданды, деп хабарлайды turkystan.kz.

АСЕАН+3 Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығына (АСЕАН), сондай-ақ ҚХР, Жапония және Корея Республикасына мүше 10 елді біріктіреді.

АСЕАН +3 облигациялар нарығы форумының негізгі мақсаты Азия аймағында бірнеше валюталарда облигациялар шығару тетіктері (ASEAN+3 Multi-Currency Bond Issuance Framework) арқылы облигациялардың ықпалдастырылған нарығын құру үшін жағдайлар жасау. Мұндай бастама ҚХР, Жапония, Корея Республикасы, Малайзия және т.б. сияқты бастамаға қатысушы елдердің ұлттық нарықтарында облигациялар шығаруға және бір мезгілде орналастыруға мүмкіндік береді.

Азия облигациялар нарығы сыйымдылығы бойынша АҚШ пен ЕО-дан кейінгі әлемдегі үшінші аймақтық нарық болып табылады. Қазақстанның осы бастамаға қосылуы қазақстандық эмитенттер үшін аталған нарыққа кіруге мүмкіндік береді.

2024 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық облигациялар нарығының жиынтық сыйымдылығы 100 млрд АҚШ долларына (баламасында) жетті. Биыл Азия Даму Банкі Қазақстанның облигациялар нарығы бойынша Нұсқаулық жариялайды деп күтілуде.

 

 

Тэгтер:

форум облигациялар нарығы