Астанада 7 және 9 мамыр мерекелеріне орай қандай іс-шаралар өтеді?

Бүгін, 15:27 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Астанада 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған 100-ге жуық түрлі іс-шара жоспарланып отыр. Олардың арасында концерттер, көрмелер, акциялар, спектакльдер бар.

6-8 мамыр күндері адам көп жиналатын орындарда еріктілер блиц-сауалнама жүргізіп, қоғамдық орындарда «Жеңіс лентасы» ленталары мен төсбелгілерін тарататын болады.

6 мамырда сағат 19:00-де М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында «Әлия» спектаклін көрсетуді жоспарлап отыр, сонымен бірге Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда «Кестелі орамал» мерекелік концерті өтеді. Сондай-ақ, «Жастар» сарайында сағат 19:00-де «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрінің концерттік бағдарламасы жоспарланған.

Астанада «VIRTUS WORLD TENNIS CHAMPIONSHIP» (дамуында зияткерлік кемістігі бар тұлғалар) ерлер мен әйелдер арасында теннистен әлем чемпионаты өтіп жатыр, ол 11 мамырға дейін «Дәулет» теннис орталығында мына мекенжай бойынша жалғасады: Қордай көшесі, 6. Көрермендерге кіру тегін.

6-10 мамыр аралығында елордада спорттық гимнастикадан ашық қалалық чемпионат өтуде. Жарыс Ә. Жангелдин, 9А мекенжайы бойынша «Жеңіс» СК өтеді. Көрермендерге кіру тегін.

2025 жылғы 7 мамырда сағат 11:00-де Астанада концерттер мен әскери парадтың тікелей көрсетілімі өтеді. Сағат 11:00-ден бастап үлкен LED экрандар арқылы шеру бірден бірнеше орында көрсетіледі:

 1. Елорда әкімдігі ғимаратының жанындағы қалалық алаңда (тікелей эфир және мерекелік концерт); 2. «Астана Арена» стадионының аумағында (тікелей эфир және мерекелік концерт); 3. «Astana Music Hall» автотұрақ аумағы (Құмыра) Б.Момышұлы даңғылы, 1 (тек тікелей трансляция).

 Сонымен қатар, іс-шара республикалық телеарналардың тікелей эфирінде көрсетіледі.

Сағат 12:00-де Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының аумағында әртістердің қатысуымен ашық аспан астында мерекелік концерт ұйымдастырылады.

8 мамыр күні сағат 15.00-де Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай және «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ағаш отырғызу акциясын өткізу жоспарланып отыр.

9 мамырда Ботаникалық бақта елордалық студенттер мен оқушылар арасында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған жеңілатлетикалық эстафета өтеді. Эстафета сағат 9:00-де басталады. Қатысуға спорттық дайындығы бар және медициналық тексеруден өткен оқушылар мен студенттер жіберіледі (командалар басшы мен дәрігер куәландырған өтінімді ұсынуы тиіс).

9 мамырда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай «Жастар» саябағында сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін және қалалық алаңда сағат 17:00-де мерекелік концерттер өтеді. Сол күні сағат 18:00-де Ә.Мамбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры «Ар адамы – Бауыржан» спектаклінің премьерасы өтеді.

Сондай-ақ, 9 мамырда сағат 10:00-ден 12:00-ге дейін қала әкімдігі, ҚР Қорғаныс министрлігі өкілдерінің, «Жас Сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілерінің, әскери оркестрдің қатысуымен оркестрмен құттықтау болады.

Сонымен қатар, 9 мамырда елордада «Qazaqstan Barysy Grand Slam» дзюдодан халықаралық турнир басталады. Жарыс Ж. Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді. Көрермендерге кіру тегін.

10 мамыр күні сағат 17:00-де Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда «Мамыр вальсі» мерекелік концерті өтеді.

10 мамыр күні сағат 18:00-де Ә.Мамбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының сахнасында «Ар адамы. Бауыржан» сахналанады.

Естеріңізге сала кетейік, Жеңістің 80 жылдығына орай Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне, әскери іс-қимылдарға қатысушыларға, Астанада тұратын тыл еңбеккерлеріне біржолғы төлем аударылды. Сондай-ақ, «Қамқорлық мекенжайы» акциясы аясында ардагерлерге азық-түлік себеттері табысталады, аулалар қоқыстардан тазартылады және т.б.

Тэгтер:

Астана концерт іс-шара 9 мамыр 7 мамыр