Қасым-Жомарт Тоқаев То Ламды «Достық» орденімен марапаттады

Бүгін, 14:07 / Алуа Арман
Ақорда

Президент Қазақстан мен Вьетнамды тереңнен тамыр тартатын достық қарым-қатынас байланыстыратын атап өтті. Сонымен қатар 1959 жылы Қазақстанға Вьетнамның тұңғыш Президенті Хо Ши Миннің келгенін еске салды. Бұл сапар екі елдің сан қырлы ынтымақтастығын дамытудың берік негізін қалаған еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Вьетнам шынайы стратегиялық әріптестік орнатқанын айтты.

– Сіздің Қазақстанға мемлекеттік сапарыңыздың тарихи маңызы зор. Бұл қазақ-вьетнам қатынасын дамытудың маңызды кезеңі басталғанын көрсетеді. Бүгінгі келіссөздер қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық серіктестік орнатуға келістік. Бұл үшін мол перспективаға жол ашатын саяси ерік-жігер мен сауда-экономикалық әлеует жеткілікті. Екі ел арасындағы достықты нығайтуға айрықша үлес қосқаныңызды атап өткім келеді. Осы орайда Сізге Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы – І дәрежелі «Достық» орденін табыстауға рұқсат етіңіз. Қазақстан мен Вьетнам ықпалдастығын одан әрі арттыруға қолдау көрсете бересіз деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы Қазақстанның ең жоғары мемлекеттік наградасын тапсырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаев пен қазақ халқына алғыс айтты.

– Бұл – мен үшін өте құнды марапат. Өйткені мұны елдеріміздің ондаған жылдардан бері жалғасып келе жатқан ынтымақтастығы мен тілектестігінің нәтижесі әрі қос халықтың сенімі мен шынайы сүйіспеншілігінің белгісі деп білемін. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, ал қазақ халқының бақ-берекесі арта беруіне тілектеспін, – деді Вьетнам Компартиясы ОК Бас хатшысы.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам келіссөздер қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдеме қабылдады.

Ресми делегация мүшелері мынадай құжаттармен алмасты:

1. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Вьетнам Социалистік Республикасы Ғылым және технология министрлігі арасында технология, инновация және цифрлық трансформация салаларындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандум;

2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Вьетнам Социалистік Республикасы Мәдениет, спорт және туризм министрлігі арасында 2025-2027 жылдарға арналған мәдениет саласындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандум;

3. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі мен Вьетнам Социалистік Республикасы Мәдениет, спорт және туризм министрлігі арасында 2025-2027 жылдарға арналған спорт саласындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандум;

4. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі мен Вьетнам Социалистік Республикасы Әділет министрлігі арасындағы 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы;

5. Қызылорда облысы әкімдігі мен Хынг Йен провинциясы арасында бауырластық қарым-қатынас орнату туралы меморандум;

6. «Самұрық-Қазына» АҚ мен Sovico Group арасында Qazaq Air АҚ акцияларын сатып алу мәмілесін аяқтауды растау туралы акт;

7. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен Petrovietnam Exploration Production компаниясы арасында геологиялық барлау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

8. Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадио кешені мен Вьетнамның ақпарат агенттігі арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;

 

Тэгтер:

Тоқаев Вьетнам Достық ордені То Лам