Атырау облысында Жайық өзеніне құлап, сол күйі жоғалып кеткен жасөспірімді іздеп жатыр. Ол жүзу білмеген және арнайы жилет кимеген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Туыстарының сөзінше жасөспірім досымен бірге шығып, қайыққа мінген. Жайықта жүзіп жүріп, қайық қатты бұрылғанда тепе-теңдік сақтай алмай суға құлаған. Досы көмектеспек болғанымен ағыс қатты болғандықтан құтқара алмаған.
«Балалар су ортасында қайықпен айналып, көңіл көтермек болған шығар. Ол қайық бірден бұрылғанда суға құлап кеткен болуы мүмкін», - дейді туысқаны Есенжан Жолдасқали.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше бұл аудандағы өзен тереңдігі бес метрге жетеді. Іздестіру жұмыстарына 39 құтқарушы, 12 жүзу құралы, 9 техника жұмылдырылған.
Суға батып кеткен бала – оқу озаты, спорт шеберіне үміткер. Колледждің екінші курсында оқып жүрген.