16 бала терезеден құлады: Құтқарушылар маңызды ескерту жасады

Бүгін, 08:47 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Өткен жылы Қызылорда облысы бойынша балалар терезеден құлап кеткен 16 дерек тіркелді. Биыл мұндай жағдай болған жоқ.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары мұның себебін ата-аналардың бала өміріне немқұрайлы қарауымен байланыстырып отыр.

- Көпқабатты тұрғын үйлердің басым көпшілігі облыс орталығында. Сондықтан жазатайым оқиғалардың басым бөлігі Қызылорда қаласының үлесінде. Жыл басынан бері оқыс оқиға тіркелмеді. Бірақ бұл арқаны кеңге салуға себеп емес. Біз жұмысты әрі қарай жалғастыра береміз, - деді департаменттің басқарма бастығы Бейбітхан Спанов.

Ол балалардың терезеден құлауының бірнеше себебін атап өтті. Басты себеп – балалардың бақылаусыз қалуы және терезеде уақытша бекіткіш тордың болмауы.

- Терезенің қорғаныш қабаты болмаса, москит торын пайдаланбауды сұраймыз. Өйткені оны қауіпсіз дей алмаймыз. Одан бөлек, терезенің жанына жиһаз қоймауды және балаларға қарапайым қауіпсіздік ережелерін үйретуді сұраймыз, - деді Бейбітхан Спанов.