Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Ұлы Жеңістің мерейтойына орай Ресей Федерациясының Елшілігі ұйымдастырған қабылдауға қатысты.
Палата спикері қазақ жауынгерлерінің ерлігі, тарихи естеліктерді жадымызда сақтаудың және мұндай қайғылы оқиғалардың қайталануына жол бермеудің маңыздылығы туралы айтып берді.
Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкиннің атынан ұйымдастырылған қабылдау қаза тапқан батырларды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
– Қазақстан мен Ресей көшбасшылары Жеңістің 80 жылдығының біздің елдеріміз үшін тарихи маңызын бірнеше мәрте атап өткен болатын. Бұл – бәріміз үшін қастерлі, тарихының тамыры тереңде жатқан айтулы күн. Себебі осынау сұрапыл жылдары әкелеріміз бен аталарымыз ортақ мақсат – Ұлы Жеңіс үшін батылдық пен бірліктің ерен үлгісін көрсетті. Соғыстың салқын лебі шынымен әр қазақстандық шаңыраққа әсер етті. Сондықтан жеңімпаздардың – соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің осындай ержүрек буыны жөніндегі естелік Қазақстандағы әр үйде бүгінге дейін сезіледі, – деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс спикері қазақстандықтардың нацизмді жеңудегі елеулі үлесін еске салды. Сол уақытта елімізде тұратын әрбір төртінші тұрғын майданға аттанды. Оның 500-і Кеңес Одағының Батыры атанса, жүзден астамы – Даңқ орденінің толық иегері болды. Олардың төртеуі екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын алған.
Ерлан Қошанов Мәскеу мен Ленинград түбіндегі шайқастарда, Брест қамалын қорғауда, Курск доғасында, Ржев пен Сталинград майдандарында шайқасқан қазақстандық жауынгерлердің ерліктерін атап өтті. Армияны қару-жарақпен, өнеркәсіп тауарларымен және азық-түлікпен қамтамасыз еткен қазақ халқының тылдағы үлесі туралы айтып, өткен қайғылы оқиғалардан сабақ алудың маңыздылығына мән берді.
– Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясында: «Ұлы Жеңістің тағылымы барша халыққа, әсіресе, саясаткерлерге ксенофобияға, нәсілдік және ұлттық үстемдікке, халықаралық құқық қағидаттарын құрметтемеуге құрылған жауапкершіліктен жұрдай саясат жүргізудің салдары қандай қасіретке әкелетінін әлі күнге дейін көрсетіп отыр» деп ерекше атап өтті. Осыған байланысты Мемлекет басшысы БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық қағидаттарын сақтау қажеттілігін үнемі атап көрсетіп келеді, – деді Ерлан Қошанов.
Сонымен қатар Мәжіліс спикері Қазақстан депутаттары осы аталғандарды басшылыққа алып, берік достық пен ынтымақтастық орнату үшін парламенттік дипломатияның мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланып отырғанын ерекше атап өтті. Палата төрағасы жақында Волгоградта өткен Халықаралық форумға Мәжіліс делегациясының қатысқаны туралы айтып берді. Онда депутаттар түрлі елдердің Парламент өкілдерімен бірге фашизмге қарсы күрестің әлемдік тарихи маңызын талқылады.
Ерлан Қошанов Қазақстан Президентінің бастамасымен даңқты ерліктері үшін «Айбын» орденінің үш дәрежесіне Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы және Рахымжан Қошқарбаевтың есімдері берілгенін айтты. Ал 604-ші әуе базасы Қазақстанның әуе қорғаныс күштері екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, аты аңызға айналған ұшқыш Сергей Луганскийдің есімімен атала бастады.
Мәжіліс спикері Ұлы Жеңістің мерейтойына арнап Қазақстан бойынша шамамен екі мыңға жуық еске алу, ғылыми-зерттеу, ағартушылық және басқа да іс-шаралар өтетінін атап өтті. Ел Президентінің тапсырмасымен республика бойынша елдімекендерде 500-ден астам көше жергілікті жерлердің батырлары – соғыс ардагерлерінің есімімен аталады. Жеңістің мерейтойын атап өту ауқымды әскери парадта жалғасын табады.
Іс-шараға дипломатиялық корпус, Қазақстанның мемлекеттік органдары мен Қарулы Күштерінің өкілдері, сондай-ақ қоғам қайраткерлері қатысты.