Алматы циркінің әртістері Миландағы беделді Lo Show Dei Record халықаралық шоуында ең қиын трюкті 36,66 секундта орындап, Гиннес рекордтар кітабына енді.
Бұл туралы олар Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында мәлім етті, деп хабарлады turkystan.kz.
Алматы циркінің әртістері, әйгілі «СерБат» акробатикалық тобының мүшелері – Батыр Жанұзақ пен Марлен Маратов.
Олар ең қиын трюкті 36,66 секундта орындап, көрермендерді ғана емес, қазылар алқасын да таңғалдырған.
«Біз осы рекордты орнатуға ұзақ дайындалдық. Бүкіл залдың қол шапалақтағанын көру – ұмытылмайтын ерекше сәт!», – дейді «СерБат» тобының мүшесі, рекордсмен Батыр Жанұзақ.
Топтың тағы бір мүшесі Марлен Маратовтың айтуынша, бұл жетістік – жай ғана рекорд емес, бүкіл команданың еңбегіне, цирк өнеріне берілген баға.
«Бізге сенген барлық жанкүйерге алғысымыз шексіз!», – дейді рекордсмен Марлен Маратов.
Айта кетейік, «СерБат» тобы ұзақ уақыттан бері әлемдік сахналарда өнер көрсетіп жүр. Олардың қойылымы әрқашан бірегейлігімен, шеберлігімен және жоғары техникалық деңгейімен ерекшеленді.
Топ America's Got Talent, Britain's Got Talent және China’s Got Talent сияқты белгілі шоуларға қатысып, жеңімпаз атанған.