Шымкент қалалық сотына жергілікті екі тұрғын жүгініп, көршілері салып жатқан құрылысты заңсыз деп тануды сұраған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Олар көршілерінің құрылыс нысанын тиісті құжаттарсыз, құрылыс нормаларына қайшы салып жатқанын жеткізген.
Жауапкер болса, құрылыс нысаны заң талаптарына сай екенін айтқан.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты талап-арызды қанағаттандырған жоқ.
Апелляциялық сатыдағы сотта тараптар татуласып, араларындағы дауды өздеріне ыңғайлы шарттар негізінде медиация тәртібімен реттеуге келіскен.
Атап айтқанда, жауапкер бір көршісімен шекаралас жерінде өз есебінен қоршаудың бағаналарын биіктетуге, сондай-ақ өзі салып жатқан құрылыс нысанын талап қоюшыларға зиянын тигізбейтіндей етіп қоршауға міндеттелді.
Сонымен қатар жауапкер екінші көршісімен шекаралас жерде өзінің есебінен іргетас, кірпіш, бетон блоктардан тұратын қоршауды соғуға, суағар мен қар ұстағыштарды орнатуға және көршісіне 800 000 теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттелді.
Сот алқасы тараптар арасындағы жер дауын медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекітті.
Талап қоюшыларға мемлекеттік бюджеттен алдын төленген мемлекеттік баж салығы қайтарылған.