Қытай – Қырғызстан - Өзбекстан теміржолының құрылысы басталды

Бүгін, 07:52 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан теміржолының жобасы туралы үкіметаралық келісімге қол қойылғанына жылға жуық уақыт өткенде негізгі магистралдың құрылысы ресми басталды, деп хабарлайды kazinform.

Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, Қытай–Қырғызстан–Өзбекстан теміржолының Қырғызстан аумағындағы негізгі нысандары – Ферғана, Нарын-1 және Кош-Төбө туннельдерінің құрылысы сәуір айының соңғы күндері басталды. Бұл – аталған жобаның нақты құрылыс кезеңіне аяқ басқанын білдіреді.

Аталған үш туннельдің үшеуі де бір бағытты, бір жолақты және әрқайсысының ұзындығы 10 шақырымнан кем емес. Бұл туннельдер Қытай–Қырғызстан–Өзбекстан теміржолының аса маңызды стратегиялық бөліктері саналады. Агенттіктің жазуынша, жоба биік таулы, климаты қатал, сейсмикалық белсенді, геологиялық қысымы жоғары, жер бедері күрделі, көлік қатынасы қиын аймақта жүргізіліп жатыр, құрылыс жұмыстарының оңайға түспейтіні белгілі.

Өткен жылдың маусым айында Қытай, Қырғызстан және Өзбекстан үкіметтері аталған теміржол жобасы бойынша үкіметаралық келісімге қол қойған болатын. Сөйтіп, 27 жыл бойы кейінге шегеріліп келген теміржол жобасы шын мәнінде жүзеге асырыла бастаған еді.

Lianhe Zaobao басылымының жазуынша, Қытай–Қырғызстан–Өзбекстан теміржолы Қытайдың ШҰАР аумағындағы Қашқар қаласынан басталып, Торғат асуы арқылы Қырғызстан жеріне өтеді. Әрі қарай Қырғызстанның шекаралық Жалалабад қаласы арқылы Өзбекстанның шығысындағы Әндіжан қаласына жетеді.

Аталған теміржолдың жалпы ұзындығы – 523 шақырым. Болашақта теміржол магистральы Таяу Шығыс, Оңтүстік Азия мен Еуропа аймақтарына дейін ұзаруы мүмкін. Сарапшылар бұл жоба Қытайдың Орталық Азия елдерімен және өзге аймақтармен ынтымақтастығын тереңдетуде маңызды рөл атқарады деп санайды.