Ақмола облысында 40 миллион теңге тұратын ауыл шаруашылығы техникасы бөлшектерін ұрлағандар ұсталды. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Ақмола облысында полицейлер жалпы сомасы 39 миллион 627 мың теңгеге бағаланатын ауыл шаруашылығы техникасының қосалқы бөлшектерін ұрлау дерегін әшкереледі. Қылмыс биылғы сәуір айында Егіндікөл ауданында тіркелген.
Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері комбайндарға тиесілі бөлшектерді ұрлады деген күдікпен үш азаматты ұстады. Тергеу барысында бөлшектердің 2024 жылдың қарашасынан 2025 жылдың сәуір айына дейінгі аралықта жергілікті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің аумағынан жүйелі түрде ұрланғаны анықталды.
Криминалдық полиция қызметкерлері арнайы жасақтың қолдауымен Егіндікөл ауданында 35, 30 және 25 жастағы үш күдіктіні құрықтады.
Алдын ала мәлімет бойынша, 30 жастағы ақмолалық күдікті қыс мезгілінде шананың көмегімен серіктестік аумағынан қосалқы бөлшектерді шығарып, кейіннен екі сыбайласымен бірігіп, Атбасар ауданындағы сатып алушыға өткізген.
Жедел іс-шаралардың нәтижесінде ұрланған барлық бөлшек табылып, заттай дәлелдеме ретінде іске тіркелді.
Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.