Елімізде мұғалімдердің жалақысы 100%-ға көбейді

3 мамыр, 2025 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

2024-2025 оқу жылының басында елімізде 8 мыңға жуық мектеп жұмыс істейді, онда 3,9 млн-нан астам оқушы, оның ішінде 352 мың бірінші сынып оқушылары оқиды, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.

Үкіметтің хабарлауынша, 2024-2025 оқу жылында еліміздің мектептерінде 406 мың педагог жұмыс істейді — өткен жылмен салыстырғанда 8 мыңға артық. 2020 жылдан бастап педагог мәртебесін көтеру саясаты шеңберінде мұғалімдердің жалақысы 100%-ға көбейді.

2023 жылы мектепке дейінгі тәрбиешілер мен техникалық және кәсіптік білім беру педагогтеріне қосымша үстемеақылар, сондай-ақ біліктілік санаттары, еңбек өтілі, еңбек жағдайлары, академиялық дәрежесінің болуы және тәлімгерлік үшін қосымша ақылар енгізілді.

Ауылдық жерлерде мұғалімдердің жалақысы қаладағы жалақыдан кем дегенде 25%-ға жоғары. 2025 жылы 11 мыңнан астам педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті, олардың шамамен 58%-ы ауыл мұғалімдері. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап аттестаттау процесінің ашықтығын қамтамасыз ететін педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуының жаңа платформасы жұмысын бастады.

Цифрландыруға көп көңіл бөлінуде: 1757 мектепте STARLINK спутниктік интернеті қосылған және барлық оқулықтар цифрландырылып, 11 цифрлық платформада қол жетімді.