Қолмен жазу оқу дағдыларын жақсартады – зерттеу

2 мамыр, 2025 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Қолмен жазу – балалардың оқу дағдыларын дамытуда пернетақтамен теруге қарағанда әлдеқайда тиімді. Бұл туралы Journal of Experimental Child Psychology журналында жарияланған жаңа зерттеу көрсетіп отыр.

Зерттеу барысында 5 жастағы, оқуды енді бастайтын балаларға тәжірибе жүргізілген. Олар жазуды екі түрлі тәсілмен меңгерген: бір бөлігі әріптерді қолмен көшіріп жазса немесе сызбасын салса, екінші топ дәл сол материалды пернетақта арқылы терген. Нәтижесінде қолмен жазған балалар әріптер мен сөздерді тану, есте сақтау, және оқу тапсырмаларында анағұрлым жақсы нәтиже көрсеткен.

Зерттеуді Испаниядағы ғалымдар жүргізген. Олар жазу тәсілдерінің – яғни қолмен жазу мен терудің – ерте кезеңдегі оқу қабілетіне қалай әсер ететінін анықтауды мақсат еткен. Соңғы жылдары білім беру үдерісінде сандық құралдардың жиі қолданылуы мамандар арасында алаңдаушылық тудырып отыр: пернетақтаға тәуелділік балалардың әліпби мен сөз құрылымын меңгеруіне кедергі келтіруі мүмкін деген пікір бар.

«Балалар қолмен жазуды сирек қолдана бастағандықтан, біз оның әліпбилік және орфографиялық дағдыларға әсерін зерттегіміз келді. Яғни әріптердің дыбыспен байланысын және сөз құрылымын меңгеру қабілеті жазу тәсіліне байланысты қалай дамитынын қарастырдық», – деді зерттеу авторы, Баск елі университетінің оқытушысы Жоана Ача.

Ғалымдардың айтуынша, жазу – бұл тек ақпаратты беру құралы ғана емес, сонымен қатар ми мен моториканың үйлесімді әрекетіне негізделген танымдық процесс. Сондықтан баланың қолмен жазу арқылы алған тәжірибесі оның оқу қабілетіне оң әсер етеді.

Тэгтер:

зерттеу қолмен жазу оқу дағдылары пернетақта