Елімізде 1 мамырдан бастап не өзгереді

2 мамыр, 2025 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Мамыр айында қазақстандықтар бірнеше маңызды мерекені атап өтеді. Астанада Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеру болады. Бұдан бөлек, баспана кезегі Отбасы банкке беріледі. Sputnik Қазақстан мамыр айындағы негізгі өзгерістерді ұсынады.

Жаңа рейстер

"SCAT" әуе компаниясы Шымкент қаласынан жаңа рейстер ашады.

27 мамырдан бастап:

Шымкент — Будапешт (Мажарстан), аптасына 2 рейс;

Шымкент — Мюнхен (Германия), 3 рейс.

28 мамырда:

Шымкент — Сиань (Қытай), 2 рейс;

29 мамырда:

Шымкент — Каир (Мысыр), 2 рейс;

Шымкент — Шанхай (Қытай), 2 рейс;

Шымкент — Сеул (Оңтүстік Корея), 2 рейс;

30 мамырда:

Шымкент — Үрімші (Қытай), 2 рейс.

Air Astanaкомпаниясы жаңа бағыттары:

14 мамырдан бастап Астана — Дананг (Вьетнам), екі рейс;

27 мамырда Атырау — Тбилиси (Грузия), үш рейс;

28 мамырда Алматы — Ош (Қырғызстан), төрт рейс;

31 мамырда Атырау — Баку (Әзербайжан), үш рейс.

Qazaq Air 1 мамырдан бастап аптасына екі рет "Астана — Түркістан — Самарқан" бағытында жолаушылар тасымалын орындайды.

Ал Fly Arystan 18 мамырда Алматы — Инин (Құлжа) рейсін ашады.

Жедел жәрдемнің жұмысы қалай өзгереді?

Мамырдан бастап жедел жәрдем диспетчерлері өмірге қауіп төндірмейтін аурулар бойынша шақыртуларды емханалардың мобильді бригадаларына аударатын болады. Мобильді бригадалардың жұмыс уақыты — сағат 8:00-ден 20:00-ге дейін. Ал кешкі сағат 20:00-ден кейін және демалыс күндері барлық шақыртуларға, соның ішінде 4-санатқа да бұрынғыдай жедел жәрдем бригадалары қызмет көрсетеді.

Мобильді бригада шақыртуға 60 минут ішінде келуі керек. Жедел жәрдемнің келу уақыты:

жеделдіктің 1-санаты – 10 минут;

жеделдіктің 2-санаты – 15 минут;

жеделдіктің 3-санаты – 30 минут.

Оқу жылы аяқталады

25 мамырда мектеп оқушылары үшін IV тоқсан аяқталады. Сол күні барлық жерде соңғы қоңырау соғылады. Биыл 9-10 сынып оқушылары үшін емтихандар 29 мамыр мен 9 маусым аралығында, ал 11-12 сыныптар үшін 30 мамыр мен 12 маусым аралығында өтеді.

Негізгі ҰБТ басталады

Ұлттық бірыңғай тестілеудің негізгі кезеңі 16 мамырда басталып, 5 шілдеге дейін жалғасады. Талапкерлерге екі мүмкіндік беріледі. Соның ішінен ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатысуға болады. ҰБТ-ға қатысу үшін өтініштер Ұлттық тестілеу орталығының сайтында немесе UTO.kz қосымшасы арқылы қабылданады. Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін де таңдай алады. Бірақ бейіндік пәндер бойынша бір ғана комбинация беріледі.

Астанадағы әскери шеру

7 мамыр күні Астанадағы Қазақ елі алаңында Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеру өтеді. Оған 4 мыңнан астам әскери қызметші, 300-ден аса қару-жарақ пен әскери техника, соның ішінде Ұлы Отан соғысы кезіндегі әскери техниканың үлгілері көрсетіледі.

Ал шерудің ең әсерлі сәтін аспаннан тамашалауға болады. Майдандық, армиялық және әскери-көліктік авиациясының 60-тан астам әуе кемесі өнер көрсетеді.

Баспана кезегі банкке беріледі

24 мамырдан бастап Отбасы банкі ұлттық даму институты ретінде жұмыс істеуге кіріседі. Оның жанынан тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы да құрылады. Дәл осы құрылым баспана кезегін жүргізетін болады. Осылайша, банк баспана кезегін жүргізіп қана қоймай, тұрғын үймен қамтамасыз ету шараларын да атқарады. Отбасы банк тұрғын үйді бөлу кезінде баспанаға мұқтаж азаматтарды есепке қою күні мен табыс деңгейін ескереді. Бұл бірінші кезекте, тұрғын үй кезегінде ұзақ уақыт тұрған адамдарды баспанамен қамтуға мүмкіндік береді.

Мамырда қалай демаламыз?

Мамыр айында қазақстандықтар үш маңызды мемлекеттік мерекені атап өтеді.Олар:

1 мамыр (бейсенбі) – Қазақстан халқының бірлігі күні;

7 мамыр (сәрсенбі) – Отан қорғаушы күні;

9 мамыр (жұма) – Жеңіс күні.

Бұл күндері ресми түрде демалыс беріледі. Осы жолы мейрамдар сенбі-жексенбіге түспейді. Сондықтан бір күннен ғана демалыс болады. Жалпы, мамыр айында бес күндік жұмыс аптасы үшін 12 демалыс (мерекелерді қоса алғанда) мен 19 жұмыс күні, ал алты күндік жұмыс аптасы үшін 8 демалыс мен 23 жұмыс күні болады.