Интернет – көптеген адам үшін алғашқы кеңесші. Алайда, дәрігерлер интернеттегі медициналық ақпаратқа сене беруге болмайтынын ескертеді. Әсіресе жасанды интеллект (ЖИ) кең таралып жатқан қазіргі заманда бұл мәселе бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Бұл туралы euronews.com жазды.
Ақпарат көзіне мән беріңіз
Дұрыс сайттардан алынған ақпарат адамға өз белгілерін түсініп, дәрігерге баруға дайындалуға көмектеседі. Бірақ сенімсіз дереккөздерден алынған мәлімет мазасыздықты күшейтіп, жағдайды ушықтыруы мүмкін.
Дәрігерлердің айтуынша, Google арқылы іздеу кезінде бірінші шыққан сілтемені басуға асықпаған жөн. Көптеген компаниялар өз сайттарын жарнама арқылы нәтижелердің жоғарғы жағына шығарады. Мұндай сілтемелер «спонсорлық» ретінде белгіленуі мүмкін.
Сенімді ақпарат көздеріне Еуропалық аурулардың алдын алу және бақылау орталығы (ECDC), ұлттық денсаулық сақтау қызметтері немесе мемлекеттік медициналық ұйымдардың сайттары жатады.
ЖИ берген жауаптар күмәнді болуы мүмкін
Қазір көптеген адам медициналық сұрақтарға ЖИ арқылы жылдам жауап алуға тырысады. Алайда ЖИ беретін ақпараттың қайдан алынғаны жиі көрсетілмейді. Бұл оның шынайылығына күмән тудырады.
Сала мамандары «галлюцинация» деп атайтын құбылыс – ЖИ ойдан шығарып ақпарат беруі де жиі кездеседі. Егер дереккөз көрсетілмесе, аса сақ болыңыз.
Сұрағыңызды дұрыс қойыңыз
Cleveland Clinic дәрігері Эрик Бусстың айтуынша, дұрыс сұрақ қоя білу – дұрыс жауаптың кілті. Мысалы, «Тері астында түйін не себепті пайда болады?» деген сауал «Бұл түйін қатерлі ісік пе?» деген сұрақтан анағұрлым тиімді.
Бірден диагноз қоюға тырысу адамды балама себептерден адастырып, жалған қорытынды жасауға әкелуі мүмкін. Сондықтан нақты симптомдарға негізделген іздеу жүргізіңіз.
Кей жағдайда мүлде іздемеу керек
Кеуде ауырса, бас айналса немесе инсульт белгілері сияқты шұғыл жағдайларда интернетке жүгінбей, бірден жедел медициналық көмекке жүгіну қажет.
Brown университетінің жедел медициналық орталығының директоры Оливье Герарди: «Мұндай жағдайда уақытты жоғалту қауіпті. Ауру ерте анықталса – нәтижелі емделеді» дейді.
Нақты жауап беретін – дәрігер
Америкалық отбасылық дәрігерлер академиясының мүшесі Сара Сэмс: «Көптеген белгі жеңіл ауру мен ауыр дерттің аралығында болуы мүмкін. Мысалы, зәрдегі қан қатерлі ісікті де, бүйрек тастарын немесе инфекцияны да білдіруі мүмкін» деп ескертеді.
Сол секілді, кенеттен салмақ жоғалту – қатерлі ісіктің белгісі де болуы ықтимал, бірақ ол қалқанша безінің белсенділігімен немесе физикалық белсенділіктің артуымен де байланысты болуы мүмкін.
Интернет – ақпарат алу құралы, бірақ ол дәрігердің орнын баса алмайды. Өз-өзіңізге диагноз қоймас бұрын, дереккөздің сенімділігіне көз жеткізіңіз. Ең дұрысы – симптомдарыңызды жазып алып, арнайы маманға жүгіну.