Бүгін Астана мен Алматы қалаларында субұрқақ маусымы ресми түрде ашылды, деп хабарлады turkystan.kz.
Дәстүрге сай, елордада дәл осы күні барлық фонтан іске қосылды. Астана әкімдігінің мәліметінше, субұрқақ маусымына дайындық жұмыстары белсенді жүргізілген. Атап айтқанда, жүйелерді консервациядан шығару, техникалық жөндеу және қалпына келтіру шаралары атқарылған. Қазіргі таңда елордада 50-ден астам субұрқақ жұмыс істеп тұр.
Фонтан маусымына дайындық аясында құрылғылар тазаланып, үздіксіз жұмыс істеуі үшін қажетті реттеу жұмыстары жасалды. Жоспар бойынша, жаз бойы субұрқақтар қала тұрғындары мен қонақтарына көркем көрініс пен салқын ауа сыйлайтын болады.
Алматыда да фонтан маусымы ресми түрде басталды. 1 мамырдан бастап қалада 56 фонтан жұмысын бастады, оның ішінде 11-і – «құрғақ» фонтан. Субұрқақтар күн сайын таңғы 8:00-ден кешкі 23:00-ге дейін жұмыс істейді. Ауа температурасы +5°C-тан төмендеген жағдайда ғана тоқтатылады.
«Маусымға дайындық толық аяқталды: фонтан табақшалары тазартылып, су зарарсыздандырылды, жабдықтар жөнделді. Енді фонтандар алматылықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға дайын», – деді қалалық нысандарды күтіп ұстауға жауапты «Eco Almaty» ЖШС өкілдері.
Сонымен қатар Алматыда төрт орталық фонтанға күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Олардың қатарында әкімдік алдындағы, Республика алаңындағы және Мұхтар Әуезов атындағы театр жанындағы фонтандар бар. Жөндеу жұмыстары 2025 жылдың қазан айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Алдағы уақытта тағы алты фонтанды қайта жаңарту жоспарда бар.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, фонтандар – қаланың сән-салтанаты ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың өмір сапасын арттыратын маңызды элемент. Оларды жаңарту Алматының көркін арттырып, заманауи әрі жайлы мегаполис ретінде дамуына өз үлесін қосады.