«Қазақстанда «Ұлтың кім?» деп ешкім сұрамайды» – неміс драма театрының бас режиссері

Бүгін, 16:23 / Дана Ізтілеуова
wiedergeburt-kasachstan.de

«1 мамыр мерекесі десе, ең алдымен балалық шағым елестейді». Республикалық академиялық неміс драма театрының бас режиссері Наталья Дубс 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінің маңызы зор екенін айтады.

«Мұндай айрықша мерекенің мен үшін маңызы зор. Ең алдымен, бұл мереке менің балалық шағымды еске салады. 1 мамыр десе кең көшеде әдемі киініп, бір-бірімен емен-жарқын араласып, шаттанып, күліп, қолдарына шарлар мен түрлі түсті қағаздар ұстап келе жатқан тұрғындар елестейді. 1 мамыр мерекесі – менің балалық шағым», – дейді режиссер.

Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда 200 мыңнан астам неміс тұрады. Наталья Дубс қазақтармен немістер арасындағы достыққа көпшілік сүйсінетінін айтады.

«Қос халық арасындағы мығым байланыс генетикалық деңгейде деп айтсам жаңылыспаймын. Себебі бұл қарым-қатынас 80 жылдан асты. 80 жыл ішінде осында өсіп-өнген бірнеше буын арадағы адал достықты, ұйыған татулықты көріп өсті. Бұл қатынас –  баға жетпес байлық. Мұнда орасан күш бар. Мұнда ұрпақтардың тұтас тарихы бар», –  дейді ол.

Әр жылдары Қазақстаннан Германияға 1 млн неміс қоныс аударған. Бүгінде онда тұрақтаған отандастарымыздың ұлттық дәстүрімізді берік ұстанып жүргенін әлеуметтік желіден байқап жүрміз.

«Олай болуы заңдылық. Себебі бізде Қазақстанда «Ұлтың кім?» деп ешкім сұрамайды. Бұл ешкімге маңызды емес. Бәріміз – бірміз, бәріміз теңбіз. Татумыз. Біргеміз. Ынтымағымыз жараса түссін! Еліміз тыныш, аспанымыз ашық, халқымыз аман болсын!», – дейді Н.Дубс.

Тэгтер:

Қазақстан ұлт неміс драма театры Наталья Дубс бас режиссер