«Ширақ болып жүргенім бидің арқасы»: 76 жастағы хореграф атай көпшілікке кеңесін айтты

Бүгін, 08:18 / Нұрлан Әлинұр
76 жастағы хореграф Ерсін Жүсіпов. Фото: Jibek Joly телеарнасы

Jibek Joly арнасындағы "Бүгін.Live" бағдарламасына 76 жастағы хореограф ұстаз Ерсін Жүсіпов сұқбат берді. Өз сұқбатында ол жасы келсе де, ширақ болуының құпиясын айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Айтуынша, ол ұзақ жылдар бойы химия-биология пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Кейіннен оның бойындағы хореографиялық қабілеттерін көріп, басшылық аудандық мәдениет үйіне жұмысқа орналастырған. Қазіргі таңда балаларды биге баулумен айналысады.

"Кішкентай балалармен жұмыс істеуге өте көп уақыт керек. Бір би қою үшін 4-5 ай уақыт керек. Мен әдетте ұлттық билерді қоямын. Менің шәкірттерім түрлі би ансамбльдерде өнер көрсетіп жүр. 5 балам бар, балаларым да хореографиямен айналысады. Кәсіби хореограф", - деді ол.

Сөзінше, бимен айналысудың адам өміріне пайдасы мол.

"Құрдастарымның көбі таяқ ұстап, таяқпен жүреді. Мен айтамын, қартпын деп жүре беруге болмайды. Әйтеуір, кететініміз анық қой. Жақында мектеп бітіргенімізге 60 жыл болады. Бәріне "таяқсыз келесіңдер, бәріңді билетемін" дедім. Жұбайым да математик. Ол билемейді, бірақ ширақ. Жалпы осылай ширақ болып жүргенім бидің арқасы", - деді ол.

"Өмірде күш-жігерді қайдан аласыз?" деген сұраққа ұстаз былай жауап берді:

"Адам мамандығын жақсы көруі керек. Жан-тәнімен сүюі керек. Сонда ғана жігерлі болады", - деді ол.

Айта кетейік, ардагер ұстаз балаларға би үйретіп, әлеуметтік желі арқылы танымал болған еді.