Жетісу облысы Қаратал ауданы әкімдігінің бөлім басшыларының бірі мемлекеттік сатып алу саласындағы заңбұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлады turkystan.kz.
«Атап айтқанда, аудандық ТКШ бөлімінің басшысы сумен жабдықтау желілерін салуға жарияланған конкурс жеңімпазымен 100 миллион теңгеден астам сомаға келісімшарт жасасудан негізсіз бас тартқан.
Ол қайтадан сатып алу рәсімін өткізіп, бұл жолы басқа қатысушымен келісімшарт жасаған», - делінген Бас прокуратураның хабарламасында.
Тағы бір жағдайда мердігер техникалық талаптарға сәйкес келмейтін тауарларды жеткізген, алайда осыған қарамастан аудандық ТКШ бөлімі ол тауарларды қабылдап алған.
«Прокурорлық қадағалау актісі бойынша мемлекеттік қызмет беделін түсіретін жағдайлар бойынша конкурс комиссиясының басқа да мүшелері тәртіптік жауапкершілікке тартылды, екі басшы мен төрт маманға қызметіне толық сай еместігі туралы ескерту жасалды», - делінген ақпаратта.