Құрылыс компаниясы үлескерлерді алдап, 1 млрд теңге алған

Бүгін, 10:23 / Алуа Арман
istockphoto.com

Қаржылық мониторинг агенттігі Қаскелең қаласында көпқабатты тұрғын үйлерді салу кезінде жасалған аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тергеу кезінде «Tоредо» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылары 2021-2023 жылдары құрылыс салуға лицензиясы, жобалық-сметалық құжаттары болмаса да, жұмыс істеген.

Олар «НOME», «НOME Южный», «НOME SAU», «НOME МAK» тұрғын үй кешендерін әлеуметтік желілерде белсенді түрде жарнамалаған.

Осылайша жарнама арқылы 100-ден астам азаматтан 972 млн теңге жинаған.

Ал құрылыс жұмыстары талапқа сай жүргізілмей, белгіленген мерзімде аяқталмаған.

Сот санкциясымен күдіктілердің 240 млн теңгеден асатын мүлкіне тыйым салынды. Олардың ішінде 12 жер телімі, 9 автокөлік, аяқталмаған үш қабатты ғимарат және жеке тұрғын үй бар.

Қазіргі уақытта күдіктілер қамауда. Іс сотқа жіберілді.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес басқа мәліметтер жария етуге жатпайды.

Тэгтер:

Үлескер Тұрғын үй алаяқтық құрылыс