Табиғи өнімдерді жиі тұтынатын егде жастағы адамдардың ойлау қабілеті жақсырақ жұмыс істейді. Бұл туралы European Journal of Nutrition журналында жарияланған жаңа ғылыми зерттеу хабарлайды.
Ғалымдар органикалық тағам мен когнитивтік қабілеттің байланысын зерттей келе, әсіресе әйелдер арасында органикалық өнімдерді жиі тұтынудың жеңіл когнитивтік бұзылу қаупін төмендететінін анықтаған. Ер адамдарда бұл әсер байқалмаған.
Жеңіл когнитивтік бұзылу – адамның жасы үшін қалыптыдан тыс ұмытшақтық пен ойлау қабілетінің әлсіреуі, алайда күнделікті өмірге айтарлықтай әсер етпейтін деңгей. Ол жиі деменцияға дейінгі өтпелі кезең ретінде қарастырылады. Зерттеулерге сәйкес, жеңіл когнитивтік бұзылуы бар адамдардың 10-20%-ы жыл сайын деменцияға ұшырайды, ал 5 жыл ішінде жартысына жуығы бұл сатыға өтеді.
Қазіргі таңда бұл процесті тоқтататын немесе кері қайтаратын тиімді ем жоқ. Сондықтан когнитивтік әлсіреудің алдын алуға бағытталған шараларға қызығушылық артып келеді. Солардың ішінде тамақтану, дене белсенділігі мен ақыл-ой жаттығулары үміт күттіретін факторлар қатарында. Дегенмен олардың әсері нақты дәлелденіп болмаған.
Зерттеушілердің айтуынша, табиғи өнімдерді жиі тұтыну – когнитивтік денсаулықты сақтаудағы әлеуетті құралдардың бірі болуы мүмкін.