Астанада өрт қауіпсіздігіне арналған жабдықтарды ұрлаған күдікті ұсталды, - деп хабарлайды turkystan.kz.
Тергеу барысында 30 жастағы күдіктінің бұрын сотты болғаны және осы тұрғын үй кешенінде жұмыс істегені анықталды.
Ол арнайы жұмыс киімін киіп, тұрғындардың күдігін тудырмас үшін құрылыс қызметкерінің кейпіне енген. Осылайша әрбір кіреберіс пен қабатты аралап жүріп, өрт сөндіруге арналған жабдықтарды (өрт сөндіру жеңдерін) шешіп алып, көлігіне тиеп отырған. Кейін еш кедергісіз елордадан шығып, басқа қалаға жол тартқан.
Нұра аудандық криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті өзге қалада ұсталды.
Тінту барысында ұрланған жабдықтардың бір бөлігі тәркіленді. Ал қалғанын күдікті сатып жібергені, түскен қаржыны жеке қажеттіліктеріне жұмсағаны белгілі болды.
Қазіргі таңда аталған факті бойынша күдіктіге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.