Қазақ тарихында ашық айтылмай келе жатқан ақтаңдақтар аз емес. Осылай екенін атыраулық жазушы, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері Жалғасқали Дүтмағанбетовтың «1812 жыл: Соғыс және Бейбітшілік (Қазақы нұсқа)» дейтін трилогиясынан да анық білуге болады.
Біз Наполеонның әскерін өкшелеп қуып, Парижге дейін барған орыс әскерінің құрамында шайқасқан қазақтар ерекше ерлік жасағанын француз тарихшыларының айтуы бойынша білдік. Кітаптарда 200 жылдық тағдырымыз нақты дерек көздеріне сүйене отырып баяндалады. Архив материалдары пайдаланылады. Ең ғажабы — бұл соғысқа автордың бабалары қатысқан. Бір бабасы Франциядан жалғыз қайтпай, Мишель деген сұлуды ала қайтады. Өкініштісі, ол бала үстінде көз жұмады. Өмірге ұл келеді, ол өседі, ұрпақ ұластырады. Бүгінде француздың жиеншарлары біршама. Солардың бойындағы қан үзілмей, арада әлденеше ұрпақ өтсе де, беттері ақ сары, көздері көк болып келеді екен. Кітапта фотосуреттер де берілген. Соның бірі — Құлсарыдағы Мишельдің бейітінің суреті.
Бір әулеттің бұрынғысы мен бүгінгісі үзілмей, жатық тілмен астаса жалғасып жеткізіледі. Әсіре бояудан аулақ үш том автордың өз қаржыландыруы бойынша аз таралыммен ғана «Тоғанай Т» баспасынан жарық көрді. Тағы бір ерекшелігі, қазақша нұсқасы танымал кәсіби аудармашылардың арқасында орыс, ағылшын және француз тілдерінде де басылып шықты. Аударма сапасына ерекше мән берген автор Абылайхан атындағы Әлем тілдері университетінің оқытушылар ұжымымен тығыз байланыста болып, аудамашылармен де шығармашылық тұрғыда жұмыс істеді.
Төрт тілде басылып шыққан трилогияның тұсаукесер жиыны 29-сәуірде сағат 15-00-де Алматыдағы Ұлттық кітапханада өтеді.