Солтүстік Қазақстан облысының шалғай аудандарының бірінде ірі көлемдегі мал ұрлау фактісі анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Тимирязев ауданының полиция бөліміне жергілікті серіктестіктің директоры жүгінді. Ол шаруашылығындағы мал басын түгендеу кезінде әулиекөл тұқымды 50 бас бұзаудың жетіспейтінін анықтаған. Келтірілген залал сомасы 5 млн 800 мың теңгені құрады.
"Серіктестік аумағына күзет қойылмаған, бейнебақылау камералары да орнатылмаған. Ұрлық соңғы айда жасалған болуы мүмкін. Полицейлер жедел іздестіру іс-шаралары барысында кәсіпорынның 24 және 25 жастағы екі жұмысшысының қатыстылығын анықтады", - делінген хабарламада.
Күдіктілердің сөзінше, бұзаулар бірнеше рет ұрланған және өңірдің әр түрлі аудандарына сатылған.
Қазіргі уақытта құжаттарының бар-жоғын сұрамай сатып алған адамдардан 25 бас бұзау қайтарылды, бұл бағытта жұмыс жалғасуда.
Ірі көлемде мал ұрлаған күдіктілер 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын арқалауы мүмкін.