Белсендендірілген көмір – сүрек, шымтезек, қабық, кокос пен мұнай қосындысынан дайындалған ерекше өнім.
Көмір – жанып кеткен органикалық зат. Ал оны белсендендіру үшін жоғары температураларда қосымша өңдейді. Осылайша ол көптеген қасиетке ие болады. Осы қасиеті үшін ол медицинада қолданылады. Токсиндерді, уды немесе дәрі-дәрмекті қанға сіңірмей, асқазанда ұстап қалуға көмектеседі.
Көп жағдайда оны уланған кезде қолданады. Бірақ адамның қашан, неден уланғанын білу маңызды.
Жануралар мен адамдарға жүргізілген зерттеу көмірдің кейбір улардан аман сақтап қалатынын көрсетті. Мысалы пестицидтердің немесе ағзадағы антидепресанттардың қанға түсуіне жол бермейді.
Бірақ көмір ішімдіктен, қышқылдардан, сілтілерден уланған кезде көмектеспейді.
Егер уланғаннан кейін 5 минут ішінде көмірді тұтынса, ол бүкіл уды ұстап қала алады. Тіпті бір сағаттан кейін тұтынса да көмектеседі, удың жартысын немесе жартысынан көбін ұстап қалады.
Сондай-ақ белсендендірілген көмір іш өткенде, дисбактериоз кезінде көмектеседі. Холестерин деңгейін төмендетеді. Жарақаттарды жазады.
Белсендендірілген көмірді көңілді кештің алдында тұтынуға болмайды. Себебі көмір спиртті ұстап қала алмайды, сіңуіне кедергі келтірмейді. Яғни сізді мас боп қалудан сақтамайды.