"Кейбір қырғыз ауылдарының тұрмысы қазақтардан жақсы"

"Кейбір қырғыз ауылдарының тұрмысы қазақтардан жақсы"

"Кейбір қырғыз ауылдарының тұрмысы қазақтардан жақсы"
ашық дереккөзі
Қазақстан мен Қырғызстан халқының тұрмыс деңгейінде алшақтық бар ма? Мұның жауабын Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев ұлттық стратегияны таныстыру барысында тарқатып берген болатын. Оның мәлімдеуінше, екі елдің жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімінің айырмасы жер мен көктей, ал өмір сүру деңгейі бір-біріне шамалас. «Жан басындағы шаққандағы ЖІӨ деңгейі бойынша көрші мемлекеттердің барлығынан артта келеміз, тек Тәжікстаннан ғана алдамыз. Қазақстанға келер болсақ, бізде ЖІӨ Қазақстанмен салыстырғанда 9 есе төмен, ал бюджеттің бір адамға шаққандағы табысы – 7 есеге аз. Яғни, барлық есеп бойынша қазақстандықтарға қарағанда қырғыз халқы 7-9 есе нашар өмір сүруі тиіс. Бірақ іс жүзінде бұлай емес екені белгілі, Қазақстан мен Қырғызстандағы қарапайым жұртшылықтың өмір сүру деңгейінде айырма аз. Қайта кейбір ауыл тұрғындарының тұрмысы көршілерге қарағанда анағұрлым жақсы», – деген болатын. Бұған дейін де Атамбаев қырғыз елінің экономикасының даму деңгейін сөз еткенде, Қазақстан экономикасына тоқталмай өтпейтін. Соңғы жылдары әлемдік сарапшылар Қырғызстан экономикасының дамуына оң баға беріп келеді. Мәселен, Қырғызстан билігінің ұлттық стратегиясы бойынша, халықаралық институттар Қырғызстанды кедей елдер қатарынан алып тастаған. Соңғы бес жылда кедейлік 4,5 есеге кеміген. Осы орайда Алмазбек Атамбаев та « ең бастысы – енді біз өзімізді кедей деп атамаймыз» деген еді. Халықаралық зерттеулер мәліметіне сүйенсек, сәуір төңкерісіне дейін 2009 жылдың қорытындысы бойынша Қырғызстан ТМД елдеріндегі ең кедей мемлекет атанған. Жергілікті халықтың 32 пайызы кедейлікте күн кешсе, 1,7 миллион адамның 76 пайызы ауылды елді мекендерде өмір сүрген. Ресми деректер бойынша, жұмыссыздық деңгейі – 8 пайызды құраса, бейресми дерек көздер 14-16 пайыз деңгейінде болған. Қазіргі таңда Қырғызстан бұл келеңсіздіктерді артта қалдырды. Қырғыз елі мен қазақ елінің тұрмыс деңгейін салыстыра келе, қазақ аулындағы отбасылардан да жақсы тұрамыз деп батыл баға беріп отыр. «Бұрын республикамыз туралы жаңалықтарда жолдың жабылуы, мемлекеттік мекемелерді басып алу, газ мен жарықтың өшірілуі ғана берілетін, тіпті Қазақстанда еліміздің басты тұлғасы – Мотуев болатын. Қазір әлем мемлекеттері Қырғызстанды әділ сайлау, Көшпенділердің дүниежүзілік ойындары, саясат пен экономикадағы ғаламат реформалар арқылы таниды» деді Қырғызстан президенті. Сонымен қатар дамудың салиқалы жолын таңдаған қырғыз елі бес жылдың ішінде сыбайлас жемқорлыққа біржола құлпы салды. Ендігі кезекте үкіметтік емесе ұйымдардан арылуды көздеп отыр. Президенттің айтуынша, мұндай құқық қорғаушылар елге іріткі салады. Қырғызстан тәуелсіздігін сақтап қалуда олардың пайдасынан зияны көптігін атап өтті. Осы аталған мәселелердің барлығы Ұлттық стратегияға кірістірілмек. Қазіргі президент бұл стратегияны 2040 жылға дейін жоспарлап, келесі президенттің қолына тапсырмақшы.