Ұлтаралық келісім бар жерде керегеміз сетінемейді – Аманжол Әлтай

24 сәуір, 2025 / Інжу Әлихан
Akorda

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай бүгін Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында көтерілген мәселелердің маңызды екені атап өтті.

«Қазақстанда қазақ ұлты және 130-дан аса ұлт өкілдері тұрады. Ұлт тағдырының арпалысқа толы жолында талай қиын кезеңдерден өттік. Сынға салған тар замандарда торыққан сәттеріміз де аз болмады. Бірақ, намысымызды, болашаққа деген үмітімізді жоғалтпадық.  Тағдыр тәлкегімен, сол замандардағы саяси жүйе мәжбүрлеуімен елімізге мұңайып келгендердің маңдайынан сипап, мейірімділік таныттық, арып-ашып келгендермен бір күлше нанымызды бөлісіп жеп, төрімізді бөлістік. Бұл мінез — Қазақ ұлтының бойындағы ғасырлар бойы қалыптасқан ерекше болмысы еді.

Тәуелсіздікке талпынған Ұлт жолы – осындай сындарлы сынақтарға толы.

Абай атамның  «Адамзаттың бәрін сүй жақыным деп!» деген даналық идеясын жүрегімізге бойтұмардай сақтай білдік. Пейіліміз бен мейіріміміз бүгінгі бейбіт кезеңге жеткізді.

Осы тұтастықты, ортақ мақсатқа бірге жұмылу иммунитетімізді әлсіретіп алмауымыз керек», – деді депутат.

Ол Ассамблеяның татулық пен бірліктің, ұлтаралық келісімнің маңызды институтына айналғанын қалайтынын баса жеткізді.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бекітіп берген «Таза Қазақстан», «Кітап оқитын ұлт» секілді салауаттылыққа жетелейтін маңызды бастамалардың көш басында болғаны жөн. Қазақ тілінің ұлтаралық түсіністіктің ең басты құралына айналуына күш салғанын тілеймін. Соның нәтижесінде мемлекеттік тіліміз - Қазақстанда тұратын барша ұлт өкілдерінің ортақ тіліне айналғанын көксеймін.

«Бір Ұлт - бір мүдде» идеясының ең маңызды қадамы да мемлекеттік тілді бірге меңгеруден басталсын.

Әлемдегі геосаяси ахуал күрделеніп, теңіздей толқып тұрған кезеңде Мемлекетіміздің іргесінің берік болуы ішкі бірлігімізге, ортақ мақсатқа жұмыла білуімізге байланысты. Ұлтаралық келісім бар жерде керегеміз сетінемейді, Қазақстан халқына ортақ тұтастық, ауызбіршілік бар жерде туымыз қисаймайды.

Бүгінгі ассамблеяның 30 жыл толған мерейтойлық жиынында Қасым-Жомарт Тоқаев  Отанымыздың болашағының ең басты құндылығы – бірлік екенін, ел ішіне ірткі салуға жол жоқ екенін баса айтты.

Көрші елдермен тату болу, алыс шетелдермен де алтын көпір орнату мызғымас ұстанымымыз екенін жеткізді»,  – деді А. Әлтай сөз соңында.

Тэгтер:

депутатАманжол ӘлтайкелісімҚазақстан халқы АссамблеясыҰлтаралық келісім