«Таза бейсенбі» акциясы – байыпты бастамалардың нәтижесі

24 сәуір, 2025 / Дана Ізтілеуова
«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

«AMANAT» партиясы қолға алған «Таза бейсенбі» ауқымды экологиялық акциясы еліміздің барлық өңірінде лайықты жалғасын табуда. Апта сайын партияластар, белсенділер, волонтерлер және қоршаған ортаның жай-күйіне бей-жай қарамайтын азаматтар қоғамдық орындарды, ескерткіш айналасын, су айдындары мен саябақтарды тазалайды.

Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде «Айналамызды жинау, ағаш отырғызу арқылы біз жайлы да таза қоршаған орта қалыптастырамыз. Барлық аула мен көшені, саябақ пен алаңқайды ұқыпты ұстау – өз қолымызда. Тазалық пен тәртіп – дұрыс өмір салтын ұстанудың басты көрінісі», деп еліміздің экологиясын  жақсарту мәселесіне ерекше мән берген болатын.

Осы орайда «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» ауқымды экологиялық акциясы ел азаматтарын қоршаған ортаны таза ұстауға үндейтін игі істердің жарқын үлгісіне айналды. Мәселен, Абай облысы Семей қаласында Бейбітшілік аралы қоқыстан тазартылды.

«Бейбітшілік аралы – бұл тек табиғи нысан ғана емес, ол – еліміздің тарихы мен рухани құндылықтарының бір бөлігі. Осындай игі бастамалар арқылы біз болашақ ұрпаққа таза әрі көрікті табиғат қалдыруға атсалысамыз», – деді Абай облыстық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Съезбек Ахметов.

Ал «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының қызметкерлері Көкшетау қаласындағы Қопа көлінің жағалауын, ескі мұсылмандар зиратының маңын тазалап, 60 қапқа жуық қоқыс жинады. Бұл қоқыс кейін арнайы полигонға  жіберілді.

«Әр бейсенбі сайын партияластарымыз қала мен даладағы тазалық жұмысына айрықша атсалысып келеді. Біздің мақсатымыз – тұрғындарды қоршаған ортаны таза ұстауға үйрету. Барша ел азаматтарын осы игі іс-шараға қатысуға шақырамыз!», – деді «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалы саяси бөлім меңгерушісі Алмат Нүкенов.

Бұл ретте Ақтөбе облысы Абай ауылында «AMANAT» партиясының мүшелері Ойсылқара өзенінің жағасын тазалады. Игі іске бастауыш партия ұйымдарының өкілдері, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері жұмылдырылып, жалпы саны 50-ге жуық адам атсалысты.

«Ойсылқара өзені Абай, Бөгетсай, Қопа ауылдарын бойлай өтіп, Ор өзеніне құйылады. Ұзындығы шамамен – 35 шақырым. Өзен суы мал шаруашылығы саласында қолданылады. Су қорын сақтау мақсатында өзен бастауына сыйымдылығы 22 млн шаршы метрді құрайтын су қоймасы орнатылды. Сондықтан өзен арнасын тазартып, қоршаған ортаға қамқорлық таныту – аса маңызды мәселе», – деді партияның Хромтау аудандық филиалының атқарушы хатшысы Майра Балқыбаева.

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының қызметкерлері Еңбекші ауданы Ш. Уәлиханов көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлер ауласында тазалық жұмысын жүргізді. Акцияға партияның қалалық және аудандық филиалдарының қызметкерлері, сондай-ақ қалалық коммуналдық шаруашылық қызметінің өкілдері белсенді атсалысты. Осылайша, аулаларда шашылған қоқыс жиналып, бейберекет өскен шөп орылды. Ағаш бұтақтары қиылып, түбі әктелді.

Жетісу облысы Панфилов ауданында партия мүшелері, волонтерлер, жергілікті тұрғындар, жастар және ардагерлер күш біріктіріп, елді мекендердің орталық көшелерін және демалыс аймақтарын тазалады.

«AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» акциясы – байыпты бастамалардың нәтижесі. Тұрғындардың бойында экологиялық мәдениет қалыптасып, ұжымдық сана жаңғыруда. Ал экологиялық сауаттылық жас ұрпақтың ұстанымына айналуға тиіс», – деді «AMANAT» партиясы Панфилов аудандық филиалының төрағасы Ерлан Оспанбаев.

Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласында «AMANAT» партиясының өкілдері «Таза бейсенбі» акциясы аясында Кеңес Одағының батыры Александр Владимирович Матвеевтің зиратын тазалап, ретке келтірді.

«Біздің ұйымдастырып жатқан іс-шараларымыз жай ғана аумақты тазарту жұмысы емес, батырларға деген құрметіміздің көрінісі. Осындай батырлардың ерен ерлігі арқылы бейбітшілікте өмір сүріп жатқанымызды ұмытпауымыз керек. Александр Матвеев – біздің мақтанышымыз. Оның есімін мәңгі есте сақтау – біздің ортақ борышымыз», – деді «AMANAT» партиясы «Болашақ» филиалының атқарушы хатшысы Александр Зель.

         Айта кетейік, осыған ұқсас іс-шаралар еліміздің барлық өңірінде өткізілді. Былтыр маусым айынан бастап «Таза бейсенбі» партиялық акциясы еліміздің барлық өңірінде өткізіліп келеді. Осы уақыт аралығында 120 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, бұл жұмысқа 70 мыңнан астам адам қатысты. Осылайша, 100-ден астам өзен-көл мен су қоймалары тазаланды. Акцияға қатысушыларға қолдау көрсету мақсатында ластанған учаскелердің арнайы карталары әзірленді. Олардың әрқайсысына мәслихат депутаттары, партия белсенділері мен волонтерлері бекітілді. Тазалық жүргізуден бөлек, олар аумақтарды абаттандыру, орындықтарды қалпына келтіру, ағаш егу және мемориалдық нысандарды ретке келтіру жұмысын қолға алады.

 

Тэгтер:

«AMANAT» партиясыэкологиялық акция«Таза бейсенбі»