Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы мемлекеттік балабақшаға барып жүрген 4 жастағы қыздың құлағы естімей қалды, деп хабарлады turkystan.kz сайты Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап
Анасының сөзінше, бір құлағының пердесі тәрбиешінің ауыр соққысынан жарылып кеткен. Бүлдіршін анасына апайының қалай ұрғанын өзі айтып беріпті. Бірақ бөбекжай қызметкері жазасыз қалған.
Екі ай бұрын №2 Ұлан бөбекжайынан келген Айзия Серікқожаның құлағы солқылдап ауырған. Түнімен мазасынданған бүлдіршінді анасы таңда емханаға апарып, дәрігерлер құлақ пердесінің қатты соққыдан тесіліп кеткенін айтқан.
Айзияның бір құлағы әлі де дұрыс естімейді. Аруна Ахметова қызының дерті оның жүйкесіне де әсер еткен дейді. Алайда бөбекжай қызметкерлері бүлдіршінді ұрғанын мойындамай отыр. Оның үстіне балабақшадағы бейнекамералардың жазбасын да көрсетпей қойған.
«Полициямен барған кезде камерасы қосылып тұр. Екі камера тұр екен, құпиясөз сұрап тұр. Бастығы “құпиясөзді бір жерге жазып қойып едім, таппай тұрмын” деп сол күні құпиясөзі айтылмады, камера да ашылған жоқ. Бала өтірік айтпайды. Мен сенемін. Өйткені кішкентай қыздың құлағы тиіп кеткеннен көгермейді. Пердесі тесілмейді. Олар ең құрығанда жауапкершілік танытып, мұны медбикеге айтпаған», – деді қыздың анасы Аруна Ахметова.
Балабақша басшылары бұл шағымды растамады, не жоққа шығармады. Тек болған іс бойынша құзырлы органдар айналысып жатыр деді. Қазір «кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу міндеттерін орындамау» бабымен іс тергеліп жатыр.