Белгілі марқұм саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің қызы Құралай Нұрқаділова желіге анасымен бірге өткізген сәттерін жариялап, басынан өткізген барлық жағдайды ашып айтатынын мәлім етті, деп хабарлады turkystan.kz.
«Мен бұл видеоны жасап отырып, жылап шықтым. Бұл жеке өмірім, саясатқа еш қатысы жоқ. Сіздер мені түсінеді деп үміттенемін. Көзге терең үңілсеңіздер, көп нәрсе айтылып тұр.
Видеодағы кей дүниелерді ең жақын адамдарым да білмеген, таңғалатын шығар. Бұл видеода біздің жылдар бойы қандай азап шеккеніміз туралы айтылады.
Кейбір жағдайлар шындықтың толық ашылуына мүмкіндік бермейді. Ішімізде тұншығып жатқан шындық бүгінге дейін сыртқа шықпады. Анам да ақиқатқа толық жете алмай, сол шындықты ішінде сақтаған күйі өмірден өтті.
Анамның өлімі жеке өміріміз, интимді мәселе деп ойлағам. Бірақ олай емес екен. Тіпті оның өлімі жайлы да алып-қашпа сөздер тараған.
Жақындарым анамды «дүниеден өз армандағанындай кетті» деп ойлайды. Алайда анам әкем кеткеннен кейінгі 19 жылда «оның о дүниеде жаны жай таппады» деген уайыммен өмірден өтті.
Енді бәрі ретімен. Ақыры менің ішкі жан дүнием жарылып, осы жылдар бойы сезініп келген шынайы ойларым мен жан жарамды көрсеткім келді... Дайын, жылтырап тұрған табысты өмірді емес, сол табыстың ар жағында не тұрғанын ашып айтқым келді!», - деді Құралай Нұрқаділова.