Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының XXXIV сессиясында айтты.
«Өкінішке қарай, дүние жүзі сенім дағдарысымен бетпе-бет келген шақта экстремистік идеологияның оралуы, популизм мен талас-тартыстың өршуі, халықаралық құқықтың құнсыздануы, негізгі халықаралық институттардың әлсіреуі байқалады. Сондықтан Қазақстан БҰҰ Жарғысын қатаң ұстануды, Ұйымды реформалауды дәйекті түрде ұсынып келеді. Қазіргі жағдайда БҰҰ баламасы жоқ ғаламдық ұйым болып қала береді. Сондықтан біз БҰҰ-ны қолдаймыз. Еліміз түрлі мемлекеттер мен аймақтардың арасындағы достық пен ынтымақтастыққа, өркениетті диалогты дамытуға дәнекер болу үшін көп күш жұмсап келеді. 20 жылдан аса уақыттан бері барлық негізгі конфессиялардың өкілдері әр үш жыл сайын Қазақстанда бас қосады. Биыл күзде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті VIIІ съезін өткізу жоспарланып отыр.
Былтыр Астанада Съездің Ізгілік елшілері сайланды. Олар адамгершілік идеяларын ілгерілетіп, әлемде диалог пен өзара түсіністік орнатуға ықпал етеді. Халықаралық қатынастардағы сенімсіздікті еңсеру үшін рухани дипломатиядан бөлек, ҚХА қызметімен ұштасып жатқан халықтық дипломатияның да мол әлеуетін пайдалану керек. Әртүрлі ел мен мәдениет өкілдерінің арасындағы достық байланыс қақтығыстар мен соғыстардың алдын алады. Бұл – ең тиімді тәсіл. Қазақстан халқы Ассамблеясы әлемдегі диалог пен мәдени әралуандықты нығайтуға қызмет етеді. Бүгінде әлем жалпыға ортақ өрлеуге бағытталған жасампаз күн тәртібі мен үлкен жобалардың тапшылығын қатты сезініп отыр. Қазақстан барлық серіктесімен көпжоспарлы әрі нәтижелі жұмысқа ден қояды», - деді Мемлекет басшысы.