Қазіргі күрделі жағдайды жеке мүддесіне пайдаланғысы келетін түрлі популистер мен саясаткерсымақтар бар – Тоқаев

Бүгін, 12:25 / Алуа Арман
Ақорда

Астанада өтіп жатқан Қазақстан халқы ассамблеясының XXXIV сессиясында Мемлекет басшысы әлемдегі дағдарысқа тоқталып, қазір бүкіл әлемнің болашағы бұлыңғыр болып тұрғанын айтты.

«Берекесіздікке бой алдырмау үшін әлемдік қауымдастық мүдделер тоғысатын тұсты іздеуге, күрделі шешімдер қабылдауға және амалсыз мәмілелер жасауға мәжбүр болады. Диалог жоқ жерде, қарсылық пен түсініспеушілік туындайды. Қазіргі сын-қатерлерді ауқымды халықаралық ықпалдастық арқылы ғана жеңе аламыз деп сенемін. Өзара біте қайнасқан әлемде ғаламдық мәселелерді шешудің бұдан басқа жолы жоқ. Сондықтан прагматизм мен өзара құрметке, теңдікке, әділдікке, ешкімді алаламауға негізделген сындарлы келіссөздер мен тұрақты байланыстар халықаралық жағдайды оңалтып, шиеленістердің түйінін тарқатады.

Қазір бүкіл әлемнің болашағы бұлыңғыр болып тұр. Осы алмағайып заманда стратегиялық бағдарымызға сай әрекет ету – алдымызда тұрған аса маңызды міндет. Біз қолға алған ауқымды жобаларды жүзеге асыра береміз. Елімізге инвестиция тартып, өнеркәсіп саласындағы әлеуетімізді арттырамыз. Біз қазіргі ахуалды ескере отырып, ұзақ мерзімге арналған мақсаттарымызға қол жеткізу үшін тиянақты әрі тиімді жұмыс істеуіміз керек», – деді Президент.

Мемлекет басшысы сондай-ақ қазіргідей күрделі жағдайды жеке мүддесіне пайдаланғысы келетін түрлі популистер мен саясаткерсымақтар бар екенін, ел мүддесіне қастық ойлаған ондай адамдарға тұтас қоғам болып қарсы тұруымыз керек екенін атап өтті.

«Тағы бір мәселе. Қазіргі күрделі жағдайды жеке мүддесіне пайдаланғысы келетін түрлі популистер мен саясаткерсымақтар бар. Ел мүддесіне қастық ойлаған ондай адамдарға тұтас қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Алда күрделі кезең келе жатыр. Оңай болмайды. Бірақ алаңдауға еш негіз жоқ.

Мен көп жағдайда «Бұл қиындық та артта қалады» деп ашық айтамын. Сол сөзімді осы жерде тағы қайталағым келеді. Біз сын-қатердің бәрін еңсеріп келеміз. Бұл жолы да солай болады. Ең бастысы, барынша жинақы болып, нақты нәтижеге ұмтылуымыз керек. Кез келген ауқымды дағдарыстан кейін зор мүмкіндіктерге жол ашылады. Сол мүмкіндіктерді дер кезінде әрі дұрыс пайдалану қажет. Өз күшімізге ғана арқа сүйеп, барлық ресурсты ортақ мақсатқа жұмылдыруымыз керек. Бос сөзге ұрынып, байбаламға салынбай, жасампаз болғанымыз абзал. Әр азаматтың бойында жауапкершілік сезімі өте жоғары болуға тиіс. Қоғамда өзара тілеулестік болуы керек. Әр істе темірдей тәртіп болуы қажет. Сонда еліміз де орасан зор табысқа жетеді. Баршаңызға мәлім, Заң мен тәртіп – менің стратегиялық бағдарымның арқауы. Мен әр сөйлеген сөзімде осы қағидаттарға арнайы тоқталамын. Таза Қазақстан, Заң мен тәртіп, Адал азамат идеяларының өзегі де – осы», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тэгтер:

ТоқаевАссамблеяСессияҚазақстан халқы АссамблеясыҚХА