Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагері, қоғам қайраткері Тамара Александровна Максимова 101 жасқа толды, деп хабарлады turkystan.kz.
Ғасырдан асқан туған күн иесін Десанттық-шабуылдау әскерлерінің, Алматы қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің, «Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, тыл еңбеккерлері мен соғыс балаларының кеңесі» қоғамдық қорының өкілдері құттықтап барды.
Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Раджан Жанысов ардагерді Қорғаныс министрінің атынан туған күнімен құттықтады.
– Сіз біз үшін табандылықтың, батылдық пен адалдықтың символысыз. Жеңісті жақындатуға және елді қалпына келтіруге қосқан үлесіңіз өлшеусіз. Десанттық-шабуылдау әскерлерінің барлық жеке құрамы атынан Сізге шын жүректен алғыс білдіре отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін, – деді полковник Р. Жанысов.
– Жақында біз Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтеміз. Біз үшін бұл жай ғана күн емес, жүрегімізде мәңгі сақталатын ұлы оқиға. Біздің фашизмге қарсы күрестегі басты қаруымыз бірлік, еңбекқорлық, болашаққа сенім және Отанға деген жанқиярлық махаббат болды. Кейінгі ұрпақ Жеңістің қалай келгенін есте сақтауы керек, – деді құттықтауларды ризашылықпен қабылдаған Тамара Александровна.
Тамара Александровна 1924 жылы 23 сәуірде Мәскеуде дүниеге келген. Соғыс басталғанда тоғызыншы сыныпты бітірген ол сыныптастарымен бірге әскери комиссариатқа барып, өз еркімен майданға сұранған. Осылайша ол Волоколамск тас жолындағы әскери госпитальге орналасады. Алғашында тіркеу бөлімінде, кейін арнайы курсты оқып бітіріп, медбике болып қызмет атқарды.
1943 жылы ауыр жарақат алып, денсаулығына байланысты әскерден босатылды. Соғыстан кейін 10-сыныпты жедел бітіріп, Мәскеу институтының тарих және филология факультетіне оқуға түсті. Кейін диссертация қорғап, ғылым кандидаты дәрежесін алып, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 16 жыл жұмыс істеді.
Бүгінде Тамара Александровна «Ұлы Отан соғысы ардагерлері, тыл еңбеккерлері және соғыс балалары кеңесі» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің мүшесі. Ардагер II дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Мәскеуді қорғағаны үшін» медалімен және басқа да медальдармен марапатталған.
Тамара Александровна өмір бойы ел игілігі үшін жұмыс істеді. Ардагерлер қозғалысының белсенді мүшесі. Бірнеше немеренің әжесі. Майдангердің өмір жолы – батылдықтың, еңбекқорлық пен Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің шежіресі іспеттті.