Әнші Сиви Махмудидің экс-күйеуі сотталды

23 сәуір, 2025 / Інжу Әлихан
скриншот

Танымал әнші Сиви Махмудидің бұрынғы күйеуі Аңсар Қажмұқанұлы бес жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады turkystan.kz.

Бұл туралы Астана соттары мәлімдеді.

Ол қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық) бойынша кінәлі деп танылды. Қылмыстық іс Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралды.

Астана соты таратқан ақпаратқа сәйкес, сотталушы Қ. жәбірленуші А. және оның туыстарының 50 мың АҚШ доллары сомасындағы ақшасын жымқырған. 

«Бастапқыда жәбірленушінің туысы аса ірі мөлшерде психотроптық заттарды заңсыз сақтау фактісі бойынша тергеу изоляторына қамалған. Мұны білген Қ. полиция қызметкерлерінің арасында іс жүзінде танысы жоқ бола тұра, қалыптасқан жағдайды пайдаланып, «жазаны жеңілдету үшін қаражатты полиция қызметкерлеріне беремін» деп алдап алаяқтық жасаған.

Сотталушының жас балаларының болуы, кінәсін мойындауы, шын жүректен өкінуі қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде танылды.

Ол 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды», - делінген хабарламада.

Тэгтер:

Алаяқ әнші Сот Сиви Махмуди жаза экс-күйеу Аңсар Қажмұқанұлы