Мәжіліс депутаттары Болат Керімбек, Дүйсенбай Тұрғанов және Павел Казанцев Премьер-Министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында Байқоңыр ғарыш айлағын тиімді пайдалану, туризм мен кадрлық әлеуетті дамыту, сондай-ақ «Бәйтерек» кешенін қаржыландыру мәселелерін көтерді.
«Бәйтерек» – жаңа дәуірдің бастауы
Биыл Байқоңыр ғарыш айлағының 70 жылдығы атап өтілуде. Осы мерейлі датаға орай бірқатар депутат Байқоңырға барып, Қазақстан мен Ресей арасындағы «Бәйтерек» зымыран кешенін дамыту жобасының барысымен танысты.
«Бұл – еліміздің ғарыштық дербестігін нығайтатын тарихи мүмкіндік. Коммерциялық зымыран ұшыру арқылы Қазақстан әлемдік зымыран тасымалы нарығына енуі мүмкін», – деді депутаттар.
Жоспар бойынша алғашқы коммерциялық мақсаттағы ұшырылым 2025 жылдың желтоқсанында жүзеге асады. Ал 2028 жылдан бастап жыл сайын үш зымыран ұшыру көзделіп отыр.
Экономикалық әлеует: пайда мен мүмкіндік
Бүгінде бір спутникті ғарышқа шығару құны 50-60 млн доллар. Бұл – 25-30 млрд теңгеге тең. Жобаның сәтті іске асуы Қазақстан ғылымының дамуына, инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және бюджет кірісінің артуына жол ашады.
Алайда депутаттардың айтуынша, қазіргі таңда кешенде жұмыс істеп жатқан 150 қызметкердің жалақысы төмен, бұл кадр тапшылығына әкеліп отыр. Жаңа кезеңде қосымша 155 инженер қажет, ал бұл үшін 590 млн теңге көлемінде қосымша қаржыландыру қажет.
Ғарыш пен туризм: Байқоңыр – туристік өнім болуға тиіс
2025 жылы Байқоңырға 20 мыңға жуық турист келуі мүмкін. Қызылорда қаласындағы жаңа әуежай мен халықаралық бағыттардың көбеюі туристік ағынды арттыруда.
«Түркістан, Тараз, Отырар сияқты тарихи орындарға баратын туристерге Байқоңырды ғарыштық туризм нысаны ретінде ұсынуымыз қажет», – дейді депутаттар.
Ғарыш саласында ең өзекті мәселенің бірі – білікті кадр тапшылығы. Саладағы жобалардың ұзақ мерзімділігі мен қаржыландырудың жеткіліксіздігі мамандардың басқа салаға ауысуына және шетелге кетуіне себеп болуда.
Депутаттар бұл мәселені шешу үшін
- Мектеп жасынан бастап ғылыми-техникалық маман даярлау жүйесін құруды,
- Дарынды жастарға жоғары оқу орындарында гранттар мен арнайы стипендиялар беруді,
- Студенттерге практикалық алаңдар ұсынуды,
- Ғарышкер дайындауға арналған ұлттық бағдарлама әзірлеуді ұсынды.
Келесі ғарышкер кім болмақ?
Депутаттар атап өткендей, соңғы қазақ ғарышкері Айдын Айымбетов ғарышқа 10 жыл бұрын ұшқан. Содан бері бірде-бір отандасымыз көкке көтерілмеген. Олар келесі 5-6 жылда жаңа ғарышкердің сапарға шығуы үшін арнайы кадрлық резерв пен оқыту бағдарламасын қазірден бастау қажетт екенін айтты.