Ақтөбе облысының прокуратурасы аймақтағы аудандық ауруханалардың қызметін тексеру барысында қаржылық және медициналық есептегі бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қобда ауданында қызметтерді қайталау және көрсетілмеген қызметтер үшін емдеу және диагностикалық қызметтер санын негізсіз 20 млн теңгеден астам сомаға арттырған.
Сонымен қатар, медициналық лицензияға тиісті қосымшаларсыз 45 миллион теңгеден астам сомаға амбулаториялық-емханалық көмек заңсыз көрсетілген.
11 млн теңгеден асатын медициналық қызметтерді біліктілік талаптарына сай келмейтін қызметкерлер атқарғаны анықталды.
Мысалы, бейінді білімі жоқ аурухананың «іс жүргізушісі» 3 млн теңгеден астам сомаға мыңнан астам психологиялық кеңес өткізген.
Нәтижесінде, заңсыз төленген бюджет қаражаты 80 млн астам теңгені құрады.
Прокурорлар араласқаннан кейін бұзушылықтар жойылып, бюджет қаражаты қайтарылды, тұрғындардың құқықтары қалпына келтірілді, лауазымды тұлғалар тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды.