Қостанай қаласында ер адам көлігінің ішінде өзін өртеп жіберді. Қайғылы оқиға қалалық тұрғын үй аулаларының бірінде орын алған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам бензин құтысын көліктің жүк салғышынан алып, көлікке отырғаннан кейін өзіне жанармай құйған болуы мүмкін. Содан кейін көлікке от қойылып, өрт шыққан. Қатты күйік шалған ер адам жанұшыра сыртқа жүгіріп шыққан. Куәгерлер оқиға сәтін видеоға түсіріп үлгерген.
Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен адамның реанимация бөлімінде екенін мәлім етті. Оның денесінің 90 пайызын күйік шалған, жағдайы ауыр деп бағаланады.