Үйінде қаруды заңсыз сақтаған азаматқа 740 мың теңге айыппұл салынды

22 сәуір, 2025 / Алуа Арман
istockphoto.com

Мойынқұм аудандық соты ұңғысыз атыс қаруын, сол сияқты оның патрондарын заңсыз иемдену, сақтау және тасымалдау фактісі бойынша қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.

2024 жылдың маусым айында сотталушы Е. Алматы қаласында базарға барған. Базардың батыс жағында, ашық жерде ол целлофанға оралған затты көріп, ол жерден «ОСА-Лазер ПБ-4-1» тапаншасын және 98 дана оқ-дәріні тапқан. Бұл заттардың қоғамға қауіпті екенін ұғына отырып, ол табылған заттарды құқық қорғау органына өз еркімен тапсырмаған.

Қаруды ешкімге көрсетпей және ешқайда қолданбай, оны үйінің жатын бөлмесінде жасырын тығып, заңсыз сақтаған.

Сотталушының кінәсі сотталушы мен куәлердің айғақтарымен, іс жүргізу құжаттарымен, сараптамалардың қорытындыларымен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.

Сотта ол өз кінәсін мойындап, өкінетінін жеткізген.

Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, 738 мың теңге мөлшерінде айыппұл тағайындалды.

Тэгтер:

Айыппұл Сот үкім қару қаруды заңсыз сақтау