Павлодарда қызметтік борышын атқару кезінде патрульдік полиция инспекторы жараланды, деп хабарлайды өңір полициясы.
19 сәуір сағат 06:30-да Павлодар ПБ "102" пультіне 15 жастағы қыз хабарласып, әкесінің анасын ұрып-соғып жатқанын айтқан. Мекен-жайға полиция капитаны Алмаз Жақыпов пен полиция лейтенанты Исин Төлеген дереу жіберілген.
Кіреберісте қызметкерлерді өтініш берушінің өзі қарсы алған. Қыз бала әкесі оны ұрып-соғып, кейін пәтерде анасын ұрғанын айтқан.
"Ұстау әрекеті кезінде мас күйде болған 40 жастағы ер адам қарсылық көрсетіп, полиция капитаны Алмаз Жақыповқа сол қолының буынына пышақ салды. Жарақат алғанына қарамастан, ер адам залалсыздандырылды және ұсталды", - дейді ведомство.
Зардап шеккен полицейге медициналық көмек көрсетілді.
Сарапшының қорытындысына сәйкес, әйелін ұрған ер адам орташа дәрежеде мас болған.
Орын алған факті бойынша "Билік өкіліне қатысты зорлық-зомбылық қолдану" және "Ұрып-соғу" туралы қылмыстық іс қозғалды.